Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Қазақстанда қай қаланың тұрғындары жоғары жалақы алады?

AstanaTV
22.09.2023ж. 23:21
1510
Қазақстанда қай қаланың тұрғындары жоғары жалақы алады?

Елімізде Жаңаөзен қаласының жұмысшылары орта есеппен ең көп жалақы, яғни айына 785 мың теңге алады. Республика бойынша жоғары және төмен жалақы алатын қай қаланың тұрғындары екенін толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.

Ұлттық статистикалық бюросының мәліметінше, 2023 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда орташа айлық жалақы 365 502 теңгені құрайды. Алайда бұл көрсеткіш кей қалаларда әлдеқайда төмен, ал кей қалаларда тіпті екі есе жоғары болды.

Қызметкерлері ең жоғары жалақы алатын көшбасшы қалалар тізімінде бірде-бір мегаполис жоқ. 

Қызметкерлері ең жоғары жалақы алатын қалалар

Қазақстан қалаларының арасында орташа номиналды жалақы бойынша көшбасшы - Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы. Қаладағы жұмыс істейтін тұрғындар айына орта есеппен 785 174 теңге алады.

Жоғары жалақы бойынша Атырау қаласы тізімде екінші болып тіркелген. Мұнда 2023 жылдың екінші тоқсанында бір қызметкердің орта есеппен алатын жалақысы 588 129 теңге.

Үшінші орында 565 561 теңге орташа жалақымен Ұлытау өңіріндегі Сәтбаев қаласы тұр. Бұл ретте облыс орталығы Жезқазғанда орташа жалақы 477 031 теңгені құрады.

Ақтауда (Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы) екінші тоқсанда орташа жалақы 515 400 теңгеге жеткен.

Қалған қалаларда, оның ішінде республикалық маңызы бар қалаларда орташа айлық жалақы мөлшері 500 мың теңгеден аспаған.

Қай қаланың тұрғындарының табысы аз?

Жалақы деңгейі бойынша тізімнің соңғы қатарында Қазақстанның мына қалалар бар: Приозерск (Қарағанды облысы) – орта есеппен 2023 жылдың екінші тоқсанында жергілікті жұмысшылар айына 235 109 теңге алды; Кентау (Түркістан облысы) –245 242 теңге; Арқалық (Қостанай облысы) – орта есеппен 250 260 теңге.

Бұл ретте мегаполиске жататын Шымкент қаласы 2023 жылдың екінші тоқсанындағы орташа жалақы бойынша 300 мың теңге межеден аса алмады. Шымкент тұрғындары орта есеппен 290 858 теңге жалақы алған.

Қай қалаларда жалақы төмендеген?

Жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда қалалардың көпшілігінің тұрғындарының табысы өскен. Мәселен, Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласында орташа жалақы 266 310 теңгеден 376 669 теңгеге көтерілген.

Десе де, кей өңірлерде бұл көрсеткіштің төмендеуі байқалған.

Ораша жалақының төмен динамикасы мына қалаларда байқалды: Өскемен қаласы (Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы) – бірінші тоқсанда орташа жалақы 351 348 теңгені құраса, екіншіде 342 859 теңгеге дейін; Екібастұз (Павлодар облысы) – 380 674 теңгеден 373 071 теңгеге дейін; Жаңаөзен – 817 067 теңгеден 785 174 теңгеге дейін; Атырау – орташа жалақы 610 033 теңгеден 588 129 теңгеге төмендеді; Курчатов (Абай облысы) – 290 930 теңгеден 271 449 теңгеге дейін төмендеген.