Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында жерлесіміз Жәмилә Бақбергенова қола жүлде алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Үшінші орын үшін бәсекеде польшалық Наталья Сразалканы 4:1 есебімен жеңді. Бұл - 27 жастағы елордалық спортшының дүниежүзі бәсекесіндегі қатарынан үшінші жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған.
"Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ балуаны. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола). Астананың балуаны чемпионаттан кейін Ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 келі салмақта күреседі", - делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.
Жалпы Сербия астанасындағы балуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы өзара мықтыны анықтап жатыр.