Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

"Сүйегім көрініп тұрды": 2015 жылғы ұшақ апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың қазіргі жағдайы қалай?

AstanaTV
25.09.2023ж. 11:36
1014
"Сүйегім көрініп тұрды": 2015 жылғы ұшақ апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың қазіргі жағдайы қалай?

2015 жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысында апатқа ұшыраған "АН-2" ұшағында тек бір жолаушы ғана аман қалған болатын. Тірі қалған Әсем Шаяхметова жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын және қазіргі денсаулығы жайлы "Таңшолпан" бағдарламасында баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әсем апат болған күнді еске алып, оқыс оқиғадан екі аяғының да сынғанын айтты.

"Апат болғаннан кейін біраз уақыт өткенде оянсам, ашық аспан астында, айдаладамын. Өзім металлдың арасына қысылып қалғанмын. Аяқтың бәрі сынған. Ашық жара болды. Сүйегім көрініп тұрды. Аузымнан, мұрнымнан қан ағып жатыр. Қазір түсім сияқты. Сол кезді ойласам, шок күйде болдым. Қолымда телефон жоқ. Әріптестерім жатыр. Шақырсам, еш белгі жоқ. "Не істеймін?" деп Алладан сұрадым. Бір сәтте телефонның бәрі шырылдай бастады. Ең жақыны, металлдың үстіндегі куртканың қалтасында жатыр. Телефон шырылдап жатыр. Менің екі аяғым да сынған. Куртканы түртіп құлаттым. Солай телефонды алдым. Бірінші 112 нөміріне хабарластым. Олар да шок алып, қай жерде апатқа түскенімізді түсінбей жатыр. Олар ұзақ іздеді. Төрт сағат ішінде тапты. Көмек күттім", - деді Әсем Шаяхметова.

Сонымен қатар Әсем Шаяхметова бүгінгі таңда денсаулығының қандай екенін де айтты.

"Белден төмен жердің бәрі жара болды. Көп жер сынды. Оң аяғымның тізесіндегі сынық қорқынышты еді. Дәрігерлер Кореядан, Америкадан келді. Уақыт көп кетті. Бірақ аяғымды кеспеді, аман қалдырды. Үш ай жаттым. Мені қайтадан жүруге үйретті, тәй-тәй бастырды. Әр қадамым жаныма бататын. Былай қарасаң, сол күн - менің екінші туған күнім. Қазір өзім жүремін. Бірақ көпке шыдамаймын. Күтім керек. Қазір денсаулығыма байланысты жұмыс істемеймін. Көбінесе үйде отырамын", - деп көзіне жас алды Әсем Шаяхметова.

Айта кетейік, 2015 жылы 20 қаңтарда ұшақ апаты Жамбыл облысында болды.

Балқаштан Шатыркөл кенішіне ұшып бара жатқан "Олимп Эйр" әуе компаниясына тиесілі "Ан-2" ұшағы Жамбыл облысының Шу ауданы аумағында құлады. Ұшақта төрт қызметкер мен үш экипаж мүшесі болған. Олардың арасынан "Балхашцветмет" компаниясының бас геологы Әсем Шаяхметова ған тірі қалды. Ал "Қазақмыс" компаниясының үш қызметкері мен экипаждың үш мүшесі апаттан қаза тапты.