$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Павлодарда әскери оқу орындарында білім алуға ниеттілер азайып барады

AstanaTV
11.11.2016ж. 20:00
4511
Павлодарда әскери оқу орындарында білім алуға ниеттілер азайып барады

Павлодарда әскери оқу орындарында білім алуға ниетті талапкерлер күрт азайған. Анықталғандай, болашағын Қарулы күштермен байланыстырғысы келген түлектің саны биыл небары 4-ақ адамды құрады. Бұл өте төмен көрсеткіш,- дейді мамандар. Бұған жастардың денсаулығының нашар екендігі - басты себеп. Сондай ақ кейінгі буын арасында әскери қызметтің «беделі төмен» деген пікірдің белең алғаны байқалады.

Елімізде әскери бағыттағы бес ірі институт бар. Бұл оқу орындарында құрлық, әуе және әскери радио-электроника саласының мамандары дайындалады. Қорғаныс істері департаменті өкілдерінің айтуынша, олардағы материалдық база өте жақсы. Заманға сай, кәсіби маман болып шығуға барлық жағдай жасалған. Бірақ осыған қарамастан, соңғы жылдары әскери білім алуға ниет білдіргендер қатары төмендеген.

Дмитрий Буксман, Павлодар облыстық қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары: 

Өкінішке орай, біздің облыстан әскери оқу орындарына биыл 4 адам ғана түсті. Сондықтан тиісті көрсеткішті орындай алмадық. Бұл 4 азаматтың барлығы Қазақстанда білім алып жатыр.

Талап бойынша Павлодар облысынан 30 түлекке әскери оқу орнына жолдама берілуі тиіс. Алайда, межеге жету мүмкін болмай тұр.

Алаңдататыны, бұл биыл ғана орын алған жайт емес, соңғы бес жылдағы ахуал осыған ұқсас. Жігіттердің әскери оқу орнына қабылданбауының негізгі себебі - денсаулығының нашарлығы. Көбіне психологиялық сынақтан өте алмайды. Физикалық тұрғыдан да мақтанарлық емес. Жуырда Павлодарға Ақтау теңіз портының өкілдері арнайы келіп  түлектерді оқуға шақырды.

Арман Бектұрғанов, ҚР Әскери-теңіз күштері идеология және арнайы үгіт қызметінің аға офицері:

Қазіргі уақытта Павлодар облысы департаментімен бірлесіп 35 жасты таңдап алдық. Олар 11 қараша күні Ақтау қаласына кемелерге әскери қызмет өтуге кетеді.

Арман Бектұрғанов тағы бір түйткілдің бетін ашты. Қазақстанда теңіз күштері бойынша кәсіби кадрлар даярлайтын арнайы оқу орны жоқ,-дейді. Сондықтан кеме басқарушы, зеңбірекші, байланысшы мамандығын игергісі келетіндер шетел асуға мәжбүр. Жастардың дені Оңтүстік Корея, Ресей, Әзербайжан, Пәкістан, Германия, АҚШ-тың оқу орындарында білім алуда.

Владислав Ломадзе, 11 сынып оқушысы:

Мен әскери бөлімдерде қызмет етуді армандадым. Сондықтан Алматыдағы әскери академияға бағымды сынап көрмекпін. Атам Ұлы Отан соғысында ұшқыш болған, Кеңес Үкіметінің қаһарманы. Әкем де әскерге барып, танкист болған адам. Бұл менің азаматтық парызым!

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Әскери қызметтің ұлттық қауіпсіздік мәселесінде де рөлі айрықша. Әсіресе, дәл қазіргі жағдайда. Терроризммен күрес, сыртқы және ішкі тұрақтылық, ел іргесінің беріктігі - осы саланың пәрменіне тәуелді. Ендеше, әскери қызметтің абыройын көтеру маңызды іс екенін жас буынның жете түсінгені абзал.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ