Қоқысқа көміліп отырмыз. Қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жаратып жатқанымыз шамалы. Көбісін полигонға апарып төгеді, қара жерге көмеді. Бұл ескі әдіс. Жаңа тәсілді енгізуге не кедергі? Сүндет Оралбек мамандардан сұрады.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Елімізде жыл сайын шамамен 4,5 миллион тонна қоқыс жиналады. Тұрмыстық қалдықтың тек 25-27 пайызы ғана қайта өңделеді. Екі жыл бұрын қоқысты сұрыптауды жеңілдету үшін осындай түрлі түсті жәшіктер қойылды. Мысалы, мына сары түсті контейнер пластик қалдықтарына арналған. Бірақ ешкім қоқысты бөліп, тиісті жәшікке салмайды.
Түрлі түсті жәшіктер ең алғаш Жапонияда қойылды. Сұрыптау мен қайта өңдеуге үлкен септігін тигізді. Қазір Елорда аумағында 9 мыңнан астам қоқыс контейнері бар. Халықтың көбі қызылды-жасылды жәшіктердің қолдану ережесін түсінбегендей.
Нұржан ҚАБДОЛЛАНОВ, «ЖАСЫЛ ДАМУ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінгі күнде бұл халық арасында қызу талқыға түсуде. Еуропа елдері бұл нәтижеге жету үшін біраз жыл еңбек етті. Бұл қоқысты өңдер кезде жұмысты жеңілдетені анық. Әрине бұған халық бірден үйреніспейді. Балабақша мен мектептерде түсіндірме жұмысын жүргізіп, барлығын басынан бастау керек. Бұл біздің жоспарда бар.
Түрлі түсті контейнерлерге келгенде халықтың ойы қақ жарылды. Бірі бұл тиімді десе, енді бірі пайдасы жоқ дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Мусордың аты мусор ғой. Сондықтан мүмкіндігі келгенше үйден бөліп шығаруы керек.
- Қоқыстың шашылып жатқаны адамның денсаулығына бірінші кезекте зиян. Ең бастысы әрбір тұрғын жауапкершілікпен қарау керек.
- Мектеп кезінен бастап балаларға түсіндіру керек. Өйткені, қазір ата-ана балаға қоқысты береді, бала тастайды. Бұл дұрыс емес. Кішкентайынан түсіндіріп, айту қажет.
- Қазір ешкімнің қоқысты бөліп отыруға уақыты жоқ. Барлығын бір пакетке салып лақтыра салады.
Қоқыс - қалауын тапса кіріс әкеледі. Мәселен Корея халқы бұл мәселеге тиянақты қарайды. Сондықтан зауыттары қоқыстың 90 пайызын өңдеп, қайта жарамды дүние жасап шығарып отыр. Қалдықты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында – франциялықтар. Олар қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салған. Парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Біздің елде де қалдықты қаржыға айналдырып отырғандар бар. Бірақ қатары қалың емес.
Шасалим ШАГАЛИМОВ, КӘСІПКЕР:
Бізге 70 мың тонна пластикалық бөтелке жиналды. Яғни 2 жарым миллион. Қазір біршамасынан қайта жарамды дүние жасадық. Бөтелке өткізген адамдарға ақша автобус карточкаларына түседі. Сол арқылы теңгесін үнемдейді, әрі қаланы қалдықтардан тазартып жатырмыз.
Солтүстік Қазақстан облысында 453 қоқыс полигоны бар. Оның негізгі бөлігі заңды түрде рәсімделген. Тіпті 100-ге жуығының жер актісі жоқ. Бұдан бөлек, құзырлы орган арнайы тексеріс жүргізіп, заңсыз тұрмыстық қалдықтар алаңын анықтаған.
Азамат БЕКТАСОВ, СҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясының дерегіне сәйкес аймақта 275 заңсыз қоқыс алаңы байқалған. Бүгінде оның 263 жойылды. Қоқыс полигондарын заңдастыру жұмысы экология департаментінің жіті бақылауында.
Үкімет заңсыз қоқыс тастағандарға әкімшілік айыппұлды ұлғайтпақ. Егер тағы қайталанса соған сәйкес өндірілетін қаржы да өседі.
Ерлан НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Бүгінгі таңда елімізде қалдықтар мәселесі бар екенін бәріміз түсінеміз. Тек мамыр айынан бері 5575 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін тіркелді. Ал шын мәнінде мәселенің бірі, әрине, тарифтерде. Министрлік бұл мәселені өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып қарастыруда, Алда жұмыстың нәтижесін білетін боласыздар.
Министрлік қоқысты өңдейтін 7 жобаны нақтылады. Оған қазынадан 38 млрд теңге бөлінді.
Байтақ дала күл-қоқысқа толтыру үшін берілмегенін білеміз. Министр айтып сендіргендей жұмыс нәтижелі болса игі.