$474.72 €515.17 ₽5.58
×

«Сасық суды ішуге мәжбүр»: депутат Ұлытаудағы Сарысу бассейні мәселесін көтерді

AstanaTV
27.09.2023ж. 14:10
981
«Сасық суды ішуге мәжбүр»: депутат Ұлытаудағы Сарысу бассейні мәселесін көтерді

«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Ерболат Сатыбалдин Ұлытау облысындағы Сарысу-Нұра бассейні жайлы айтты.

«Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек» деп атап көрсетті. Ұлытау облысы аумағындағы Сарысу өзені бассейнінің су ресурстарын кешенді басқару қазіргі уақытта су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының құзырында. Бұл ретте Нұра өзені мен Сарысу өзенінің өз алдына дербес гидрографиялық дренаждық бассейндері бар екеніне назар аударғым келеді. Яғни, бұл еліміздің бұрынғы әкімшілік-аумақтық құрылымына байланысты жасанды түрде бір су шаруашылығына біріктірілген 2 дербес бассейн», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, Нұра өзені бойында халық тығыз орналасқандықтан ба, әлде су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы Қарағанды қаласында болғандықтан ба, Сарысудың жағдайы мүшкіл.

«Ұлытау облысы территориясындағы Сарысу өзені су ресурстарын басқарудың, жаңа басқару жүйесі қажет. Себебі, Ұлытау облысындағы Жаңаарқа, Ұлытау ауданына қарасты екі кент пен сегіз ауылдық округ тұрғындарының әл-ауқаты мен ауыл шаруашылығының рентабельділігі осы өзеннен келетін суға тәуелді.Суды ұтымды пайдаланбау салдарынан Сарысу өзені өзінің байырғы сағасы – Телекөл көліне жетпейді. Себебі өзен арнасына тиімділігі төмен және заңсыз салынған бөгеттердің болуы. Сонымен бірге, халықтың пікірінше, Ұлытау мен Қызылорда облысының шекарасындағы Мибұлақ ауыл маңында ауылдың балық шаруашылығын, суармалы егін шаруашылығын дамытуға септігін тигізетін жаңа бөгет пен су қоймасын салу – заман талабы. Бабаларымыздан қалған «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген нақыл сөзді көңілге медеу тұтқан елміз. Алайда бүгін Сарысу өзенін жағалауынан уланып өлу қауіпі бар. Себебі Сарысуға құятын «Кеңгір» өзені Жезқазған қаласының кәріз суларымен былғануда. Жыл бойында Кеңгір өзенінде балықтардың қырылуы үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр. Кеңгір су қоймасының да жағдайы мәз емес. Сары мыс сапырып отырған Жезқазған халқы ашық аспан астында жатқан түбі тұнба, сасық суды ішуге мәжбүр», - деді ол.

Депутат осыған орай, бірқатар ұсынысты басшылыққа алып, жүзеге асыру қажетін айтты. Олар:

Ұлытау облысы аумағындағы Сарысу өзенінің экологиялық жай-күйін зерттеу мақсатында арнайы құрылған комиссияның экспедициясын ұйымдастыру;

Жоғарыда айтылған Сарысу өзеніндегі Мибұлақ су қоймасын салу жобасын аталған 20 су қоймасының есебіне қосу;

Еліміздің су шаруашылығы жүйесін реформалау аясында су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттейтін жеке Сарысу-Кеңгір өзендері бассейні инспекциясын құру.