Шымкенттегі Халыққа қызмет көрсету орталығына Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері тінту жүргізді.
Әлеуметтік желіде халыққа қызмет көрсету орталығында қолында қаруы бар әскери адамдардың жүргені жайында видео жарияланды. Онда арнайы көлікпен келген қарулы топ есікті сындырып ашып, бөлмелерге тінту жүргізгенін көруге болады.
Аталған видеоға қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі ресми түрде жауап берді.
Оның айтуынша, оқиға биылғы жылдың 1 қыркүйегінде болған.
«ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің (ҰҚКД) қызметкерлері Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік корпорацияның филиалында тінту жүргізгенін хабарлайды. Тінту барысында жер учаскелерінің шекараларын заңсыз ауыстыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу шеңберінде бірқатар жер-кадастрлық істер тәркіленді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ҰҚКД-дан жоғарыда аталған іс-шаралар бойынша Мемлекеттік корпорация атына түсініктеме берілмеген.
Осыған байланысты, толық ақпарат алу үшін жоғарыда аталған мемлекеттік органдарға жүгіну қажет екенін хабарлаймыз»-делінген ақпаратта.