Шымкентте студент жігіт шәкіртақысын бәске (ставка) тігіп айырылып, кейін қызды тонап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, жігіт саябақтағы қыздардың қасына келіп, тез арада біреуге хабарласу керек екенін айтып телефон сұраған. Біраз уақыттан кейін желінің нашарлығынан хабарласа алмағанын айтып, ұялы телефонды иесіне қайтарған. Жігіт қыздың сол саябақтағы құрбысына барып дәл осындай өтініш жасаған. Алайда гаджетті алған соң ол бірден қашып кеткен.
“Полиция дереу жедел іздестіру шараларын бастады. Нәтижесінде жігіт үш сағаттан кейін көшелердің бірінде ұсталды. Белгілі болғандай, ол телефонды ломбардқа сатпақ болған, бірақ үлгермеді. Мүлік заңды иесіне қайтарылды. Студенттің айтуынша, ол мұндай қадамға анасына беремін деп уәде еткен шәкіртақысын бәс тігуде жоғалтқандықтан барған”, – деді құқық қорғаушылар.
Аталған факті бойынша "Тонау" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.