$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысында газ баллоны жарылып, бір отбасы жапа шекті

AstanaTV
14.11.2016ж. 20:00
3541
Қызылорда облысында газ баллоны жарылып, бір отбасы жапа шекті

Қызылордаға тиіп тұрған Белкөл кентінің тұрғындары Сапаровтар отбасына көмек сұрайды. Осыдан бірнеше күн бұрын газ баллоны жарылып, отанасы қайтыс болған. Ал отбасының бес мүшесі ауруханада жатыр. Олардың жағдайына алаңдаған ауылдастары, барар жері жоқ екенін айтып, қайырымды жандарға иек артады. Біздің арнаға көмек сұрай келген ауыл тұрғындары, соңғы 1 айда аталған кентте осымен 6 отбасы өрттен зардап шеккенін айтты. Оқиғаның анық-қанығын әріптесім Шарипа Сақтапова біліп қайтты.

Оқыс жағдай қарашаның 2-сінде болған. Сапаровтардың кенжесі 11 жастағы Дәулеттің жадында қалып қойған. Оның айтуынша, кешкісін, әдеттегідей, анасы теледидар қарап, аға-жеңгесі мен балалары компьютермен әлек болып жатқан. Аяқ астынан қатты дауыс шығып, әп-сәтте үйдің қабырғалары құлаған.

Дәулет Мырзахмет:

Газдын басқа кигізіп қоятыны ұшты да, газ жерге құлады. Басынан ақ ақты да, жарылды. Сосын мені ағам құтқарды, мамамды ағам құтқарды, мына Санжар мен Қарақатты мамалары құтқарды. 

Сапаровтардың ортаншы ұлы көмекке бірінші болып келген. Ол жұмыстан шығып үйге бетке алғанда, алыстан жалынды байқап үйіне жүгірген. Алған жарақаттардан аналары көз жұмды. Ауыл халқы қаражат жинап, оны соңғы сапарға шығарып салыпты.

Ғазиза Бакирова, туысы:

Балалары жетім қалды, жағдайлары ауыр. Енді шыққаннан кейін мынау үйдің қай жағына барады? Менім үйіме барғанымен, менің үйім де шағын. Бұл балаларды қай жаққа апарамын мен?  Келін 45 процент күйген, баламыз 25 процент, өлім мен өмірдің арасында жатыр.

Әлімжан Төлегенов, Қызылорда облыстық медициналық орталықтың балалар хирургі:

Науқастар түскен кезде жағдайлары өте ауыр болды, отпен күйген жарақаттар өте терең болады. Бұл себепті келген кезде реанимацияға жатқыздық үш баланы да. Қазіргі уақытта отделениеде ем алып жатыр толық көлемде. Барлық дәрі-дәрмектер жеткілікті. Қазіргі жағдайлары орташа ауырлықта.

Ауыл тұрғындары, қыс басталмай жатып, өрттен зардап шеккендердің көп екенін айтты. Соңғы 1 айда 6 үй өрттен зардап шеккен.

Баян Тоқсанбаева, Белкөл кентінің тұрғыны:

Осы бір айдың көлемінде алты үй зардап шегіп отыр, осы өрттің кесірінен. Ал ол неге деп ойлайсыздар? Себебі бұл газ жоқтықтан. Біз мынау қалаға тиіп тұрмыз. Көрші тұрамыз Сапаровтар отбасына. Белкөл кентінің атынан сіздерден сұрарым: осы Сапаровтар отбасына көмектессеңіздер екен. Үлкен облыс басшылығынан болсын, аудан басшылығынан болсын, мен деген азаматтар болса, кәсіпкерлер болса.

Нұрсұлтан Байменов, Белкөл кенті әкімі аппаратының заңгері:

Кент әкімшілігі тарапынан алты ай көлемінде заңға сәйкес баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірақ алдағы уақытта тұрақты баспана қажет. Өйткені Белкөл әкімдігі тарапынан ондай баспана жоқ. Енді кезектілігіне сәйкес алдағы уақытта алады деп ойлаймыз, құжаттарын дайындап өткізген соң.

Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, газ баллонында ақау болған болуы мүмкін.

Ерболат Серманов, облыстық ТЖД өртті мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы:

Өрттің шығу себебі анықталуда қазір. Осы жинақталған құжаттардың барлығы тергеу реттілігімен 2016 жылы 3 қарашасында Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасына жолданды. Сот сараптамасы тағайындалды, қазір анықталып жатыр. Өрт болғанда, бірінші жарылыс болған ғой, газ баллоны жарылыс болған негізінде. Өрттің ақауы сол газ баллоны аузынан иіс шығуынан ғой.

Денсаулықты түзеген соң, алдымен құжаттарды рәсімдеулері тиіс. Кент тұрғындары болса, әлеуметтік желі арқылы да барлық қайырымды азаматтардан көмек сұрап жатыр.

Шарипа САҚТАПОВА