Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қарағандыда нөсер жауыннан көшеде қозғалыс қиындады

28.09.2023ж. 20:00
980
Қарағандыда нөсер жауыннан көшеде қозғалыс қиындады

Қарағанды тұрғындары жарықсыз қалды. Электр жүйесінде ақау болып, қаланың тең жартысы - судан да, интернеттен қағылды. Әзірге апаттың анық-қанығы анықталған жоқ. Энергетика министрлігі тексеру жүргізеді. Жығылғанға жұдырық болғандай, өңірде тоқтаусыз жаңбыр жауып, жолдарды су басып қалды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қарағандыдағы екі жылуэлектр орталығында бұзылу орын алған. Нәтижесінде өңірдің жарты аумағы жарықсыз қалды. Апаттың себептері әлі анықталып жатыр. 

Ермағанбет БӨЛЕКБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Облыс бойынша, жарты облыс бойынша электр энергиямен проблема болып жатыр. Қазіргі таңда менің тапсырмам бойынша менің бірінші замым сол станцияларға барып, себебін неден болғанын, тез арада қосу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 

Ал нөсер жауын қала көшелерін көлге айналдырды.Тіпті қоғамдық көліктер суға толды. Әлеуметтік желіде Қарағанды техникалық университет ғимаратына да су кіріп, студенттердің жалаңаяқ сыртқа қашып шығып жатқаны туралы видео тарады. 

Тұрғындардың айтуынша, судың көшелерге жиналып қалуына суағар қақпақтарының ағаш жапырақтарымен бітеліп қалғаны себеп. Олар өздері де жауапты сала мамандарымен бірге қақпақтарды ашып, судың ағып кетуі үшін барын салуда. Ал әкімдік өкілдері су қабылдағыш жүйелерде кінәрат жоқ, еңісте орналасқан екі көшедегі жүйе алғашқы мезетте мол суды қабылдай алмай қалды дейді. 

Рүстем ҚОЖАҚАПОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Суағар жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Бір мезетте ірі су көлемі келгенде қабылдай алмай қалды. Жаңбыр 45 минут үздіксіз жауды. Ерубаев көшесі мен Нұркен Әбдіров даңығылы қиылысы қаланың ең төменгі бөлігі болып саналады. Қазір жағдай толық бақылауда. Суағарлар суды қабылдап жатыр. 

Биылғы күз елдің солтүстік өңірлері үшін жауынды болып тұр. Қазгидромет мамандары алдағы күндері де жауын-шашынның мол түсетінін айтады.