Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

"Қызымнан көңілім қалды": Алматы көшелерінде ән салып, ақша табатын 78 жастағы кейуана ауыр тағдыры туралы айтты

AstanaTV
28.09.2023ж. 23:08
2272
"Қызымнан көңілім қалды": Алматы көшелерінде ән салып, ақша табатын 78 жастағы кейуана ауыр тағдыры туралы айтты

Алматылық Дәмежан Махамбетованың аты-жөні жұртқа беймәлім, бірақ оның түрі мегополис тұрғындарына жақсы таныс. Жасы 80-ге жақындаған кейуана соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиеті, Республика сарайы және Атакент жақтағы жерасты өткелдерінде ән салып, ақша табады. Қартайған шақта көшеде жүрген әже мұндай күйге не себепті түскенін Stan.kz тілшісіне айтып берді.

78 жастағы Дәмежан Махамбетованың айтуынша, оның Алматы көшелерінде ән салып жүргеніне кем дегенде 5-6 жылдан асыпты. Табысы кейде көңіл қуантса, кей сәтте қалтасы бос қайтады. Тапқан ақшасын қызы мен жиен немелерінің керек-жарағына жұмсайды екен. Егде жастағы кейуаның далада дәл осылай жүруінің өзіндік себебі де бар көрінеді.

"Бір кездері шатасып, шалындым. Пәтерімді бір алаяқ адамдар алып кетті. Мен алданып қалдым. Менде қиын кездер көп болды, өте көп. Кезінде адастым, шатастым деп тұрмын ғой. Менің мына мінезімді біліп алып, алдап кетті. Содан қазір үлкен қызымда пәтер жоқ. Екі баласы бар, күйеуі қайтыс болған. Екі баласымен бір бөлмеде менімен бірге тұрады. Сол төртеуіміз тұрамыз. Басқа балаларым бар, олар бөлек тұрады. Мен қартайып келе жатырмын. Немере балаларды, қазіргі жастарды білесіз ғой, қарамайды олар. Орыс мектебінде оқып, орыс мінезді балалар боп өсті. Енді мен қартайған шағымды ойлап жатырмын. Қызыма пәтер алғым келеді. Бір көмектесетін адамдар болса, бізде жақсы бизнесмен жігіттер бар. Солар мейірімділік жасап, қолдарынан келсе маған жәрдем берсе деп ойлаймын. Бірақ қанша өлең айтып жүрмін, жаныма ешкім келген жоқ. Бір адам жаныма келіп, қызығушылық танытып сұраған жоқ", – дейді Дәмежан Махамбетова.

Кезінде алаяқтардың арбауына түсіп, пәтерінен ойда-жоқта айырылған қарт анаға туған қызы да тыныштық бермейді екен. Кейуананың сол сәттегі қателігін қазір де бетіне басады.

"Көңілім қалды, осы үлкен қызымнан көңілім қалды. "Сен кезінде менің пәтерімді беріп қойдың. Неге бердің, енді қайдан тапсаң одан тап" дейді. Маған ойына түскенде солай айтады", – дейді кейуана.

Далада ән салып, нәпақасын тауып жүрген Дәмәжан апаны жұрт дұрыс түсінбейтін көрінеді. Ол кісіні көшеден көрген көпшілік ту сыртынан түрлі пікір айтады екен.

"Халық болғаннан кейін бес саусақ бірдей емес қой. Әртүрлі адам бар. Бірдеңелер айтып кетеді. "Неге тұрсың, еріккеннен, зеріккеннен тұрсың ба?" дейді. Олардың бәріне жағдайыңды айта бермейсің ғой. Сынап кететіндер де бар, әнді түсіріп қуанып кететіндер де бар. Музыканы түсінетін "жақсы айтып тұрсыз, апа" дейді. Мақтап кететін жақсы адамдар да көп, жаман адамдар да бар", – дейді Дәмежан апа.

Алып шаһарда ән салатын әженің вокалдық қабілеті ерекше. Ол қала халқына Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев сынды аты аңызға айналған композиторлардың танымал туындыларын шырқап береді. Тіпті кезінде сахнаға шығу үшін кәсіби музыкалық білім алуды көздеген. Алайда тұрмыс құрып, оның өнер жолына келуіне отағасы рұқсат бермепті.

"Мен "Қазақконцерттің" жанындағы екі жылдық эстрадалық студияда оқығанмын. Сол жаққа оқуға түскенмін. Бірақ күйеуім геологияда істеді. Күйеуім өте жақсы ақша тапты. Ол кезде біздің заманымызда балаларды балабақшаға орналастыру қиын болды. Содан мен көбінесе үйде отырдым. Күйеуім: "кейін түсесің, кейін барасың, кейін істейсің" деп үйде отырдым. Балаларды қарайтын адам болмады. Шешем жоқ. Сахнаға шығып, ән салуға кез келген адамның арманы бар ғой. Ән айтуды өте жақсы көремін. Кішкентай кезімде 4 сыныптан бастап ән айттым. Радиоларға қосылып ән айтатынмын", – дейді әнші әже.