Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Бомба қойылған»: Екібастұз тұрғыны жалған қоңырауы үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
29.09.2023ж. 12:12
846
«Бомба қойылған»: Екібастұз тұрғыны жалған қоңырауы үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды

Екібастұздық тұрғын бомба туралы жалған қоңырауы үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол бірінші қылмысын 2019 жылдың мамыр айында жасаған. Сол кезде оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бірақ қала тұрғыны пробация қызметінің есебінде тұрып, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзуға жол берді. Сондықтан сот бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

1 жыл 26 күнді, яғни өзінің өтелмеген мерзімін Екібастұз тұрғыны қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізді.

Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам тағы да осындай қылмыс жасады. Өткен жылдың желтоқсан айында полицияға қоңырау шалып, ол “әкімдік ғимаратында бомба бар” деп хабарлады.

"Мамандар ғимараттан жарылғыш зат таппады. Қажетті іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде “жалған террорист” ұсталды. Ер адам өз әрекетін мойындап, туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын айтты", – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаментінде.

“Телефон” террористінің ісі қалалық сотта қаралып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сотталған адам мемлекеттік органдарға 200 мың теңгеден астам сомадағы материалдық залалды және сот шығындарын төлеуге тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, ҚК-нің 273-бабы бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген.