$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жібек жолы ауылының оқушылары көлік тасымалынан қиындық көріп келеді

29.09.2023ж. 20:00
1121
Жібек жолы ауылының оқушылары көлік тасымалынан қиындық көріп келеді

Астана қаласының іргесіндегі Жібек жолы ауылының оқушылары көлік тасымалынан қиындық көріп келеді. Шалғай аумақтардан қатынайтын 500-ден астам баланы небары 3 автобус мектепке жеткізеді. Ата-аналар мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр. Алда қыс келеді, жағдай тіпті қиындайды дейді олар.

Ата-аналардың ескертуі автобус жүргізушінің ашуына тиген сыңайлы. Қолын бір сілтеді де, кетіп қалды. Жалпы Жібек жолы ауылындағы 3 мектептің бірі қазақ, екіншісі орыс кластарына арналған. Үшіншісі -аралас білім ошағы. Иман Жүсіп Құтпанұлы атындағы мектептің оқушылары көлік қиындығын көптен бері тартып келеді дейді ата-аналар.

Гүлбану НҰРМАНОВА, АТА-АНА:

3 мектепке бір, екі автобус па сондай жүріп отырады. Бұл деген сұмдық қой. Соны мүмкін директор анда айтқанымен шамасы келмей жатқан шығар, соған ата-аналар бәріміз бас қосып, жиналып, осы мәселені көтеріп, бізге осы бір мектепке бөлек автобус, анда ашылған мектептерге бөлек автобус жүргізілсе дейміз.

Оқулық та ескі. Бұл да ата-аналарды алаңдатады. Балалар байқаусызда жыртып алса, басшылық өтеуіне жаңасын алдыртады деп ашынады.

Дина ҚОЙЛЫБАЕВА, АТА-АНА:

Бірінші кластан он бірінші класқа дейін қазір өзіңіз көресіз, қазір ішіне кіріп тексерсеңіз де болады. Бір сау ағылшын кітабын тапсаңыз айтарсыз. Вобще жарамайды мысалы. Жыл да ақша бөлінбей ме кітапқа? Хотя бы бір ағылшын кітабын ауыстыруға болады ғой.

Жібек жолы ауылы Астанаға жақын болғанымен, Аршалы ауданына қарайды. Елдімекенде 20 мыңға жуық тұрғын бар. Халық саны жылдан жылға артуда. Ауылдағы қазақ мектебіне шет аумақтан 534 бала қатынап оқиды. Жүргізуші жалақысының аздығынан бес автобусты түгел іске қоса алмай отырмыз дейді мектеп басшысы.

Ақнұр ТҮРКІСТАНБАЕВА, ИМАН ЖҮСІП ҚҰТПАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі біздің 3 жүргізушіміздің алып отырған айлығы нақты автобустың бір ставкасына 70-72 мың теңге ғана. Ол енді 72 мың теңгеге ер адам жұмыс жасау мүмкін емес. Бірақ дегенмен де енді жұмысшының 0,5 штатын қосып беріп, ол кісілерге нақты қазір 108 мың айлық алып отыр қолдарына әрқайсысы. Соның өзінде де осы айлыққа келісетін жүргізуші жоқ. Осы үш жүргізушімізді біз таңның атысынан күннің батысына дейін өздерінің арасында бір 2 сағат қана демалатын уақыты бар.

Аудандық білім бөліміндегілер көлік мәселесі министрлік деңгейінде ғана шешілетіндігін айтады. Ал, оқулық мәселесінен бейхабар болып шықты.

Айболат ҚҰСАЙЫНОВ, АРШАЛЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Өткен жылы білім министрлігіне де айтқан болатынбыз жүргізуші мәселесі бар екенін. Жалақысы төмен екендігі жайында. Ол кісілер қарастырамыз деген, деп айтып кеткен болатын. Қарастырамыз дегендей. Бірақ қазіргі таңда ондай мәселе бар. Шындық. Бірақ оқулық тапшылығы жоқ бізде ешқандай. Барлығы жеткілікті.

Көтерілген мәселелердің жуық арада шешілетін түрі көрінбейді. Сондықтан ауыл тұрғындарының осы күндеріне қанағат етуіне тура келеді.