Жапониялық Мисаки Эбина қазақ тілін бар болғаны жеті айда үйреніп алған. Оған себеп болған – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Денис Тен!
«Менің атым Мисаки, ал қазақша атым – Айгүл. Танысқаныма қуаныштымын! Мисаки есімімнің «ми» деген мағынасы жапонша «әдемі» деген сөз, ал «саки» сөзі гүл деген мағына береді. Осы есімге орайластырып «Айгүл» есімін таңдадым», дейді Мисаки.
Ол алғаш Қазақстанға келген жеті жыл бұрынғы сапарын еске алды.
«Өткен жылы қазақ тілін үйрену үшін Алматыға келдім. Бірақ, бұл алғашқы сапарым емес. Ең бірінші рет Қазақстанға жеті жыл бұрын келгенмін. Оған әсер еткен – сіздердің әйгілі спортшы Денис Тен! Мен 2014 жылы Сочиде өткен XXII Қысқы Олимпиада ойындары өткен кезде теледидардан алғаш рет Денис Тенді көрдім. Сол кезде ол қазақ ұлттық киімін киіп, «Тұранның» орындауындағы қазақ ұлттық музыкасына биледі. Бұл көрініс маған қатты ұнады. Содан кейін, мен күніне екі сағат, кейде, тіпті, төрт сағат оның видеосын көрдім», - деп, алғашқы сапарын еске алды.
Еске сала кетсек, 2014 жылғы 7-23 ақпан аралығында Ресейдің Сочи қаласында халықаралық спорттық іс-шара – XXII Қысқы Олимпиада ойындары өтті. Осы Олимпиадада Денис Тен қол жүлде иеленді.
Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Денис Тен туралы Мисаки ерекше ыстық ықыласпен еске алды. Денис – Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы. Оның есімі мәңгілік ел есінде, мақтанышпен айтатын қазақтың ұлы. Мұз айдынында шыр көбелек айналып билегенде бильман деген қиын элементті ерлер арасында өте шебер орындай алатын санаулы спортшының қатарында болды. Бірі білсе, бірі біле бермейтін факт: жас спортшы мәнерлеп сырғанаудан өзге теннис, акробатика, таэквондо, каратэ үйірмелеріне барған және жүзумен айналысқан. Би және көркемсурет мектептерінде де білім алған. Музыка мектебінің 5 сыныбын тәмамдап, хорда ән салған.
«Бірінші рет, тек оның өмірі қандай жақсы екен деп ойладым. Одан кейін Денис Теннің болмысы, мінезі де керемет екенін түсіне бастадым. Сондықтан, спортшының туған елі Қазақстан туралы пікірім қалыптасты. Қызығып, екі жылдан кейін алғаш рет Қазақстанға өзім келдім. Оның мұздың үстінде сырғанаған өнерін өз көзіммен көргім келді. Сол кезде Алматының әдемі жерлерін араладым. Маған Қазақстандағы ас, тұрғындардың шетелдіктерге қарым-қатынасы қатты ұнады. Сол кезде сіздердің елге қайта болашақта тағы келетінімді білетінмін», - дейді Мисаки.
Жапон қызы Мисаки Эбинаның бұл сөзі өнердің қаншалықты құдіретті, шекарасыз екенін тағы бір дәлелдеп тұрғандай... Ол қазақ мәдениеті Денис Тен арқылы ғашық болып, тұтас тағдырын Қазақстанмен байланыстыруды шешіпті.
«Ал, өткен жылы барғанымда, шамамен бір жыл бойы Алматыда тұрдым. Әрине, өмірім өте күшті болды. Бұрынғыға қарағанда, адамдармен көбірек таныса алдым. Көбірек қазақ мәдениетімен таныстым. Күнде дәмді тағам түрлерінен дәм таттым. Маған қатты ұнады. Қазір мен Жапониядамын. Бірақ күнде Қазақстанға қайта барғым келетінін жасырмаймын. Менің өмірлік мақсатым – Қазақстан туралы жапондықтарға көп ақпарат беру, сіздердің мәдениетті таныстыру. Сондықтан қазір Жапониядағы Сыртқы істер министрлігі, Орталық Азияға қатысты бөлімінде жұмыс істеп жатырмын. Сондықтан, тағы алдағы бірнеше жылда осы жерде жұмыс істемек ниеттемін. Ал, содан кейін, мүмкін, өзім компания ашып, Қазақстанға байланысты әр түрлі жұмыс істегім келеді», - дейді Айгүл.
Жапонияның Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін ару бірнеше тілді қатар меңгерген.
«Мен жапон, қазақ және ағылшын тілін білемін. Бұрын орыс тілін де үйренген едім, бірақ ұмытып қалдым. Ал қазір кішкене кәріс тілін де үйреніп жүрмін, себебі жапон, корей және қазақ тілі грамматика жағыннан ұқсас келеді, оларды салыстыру өте қызық», - дейді.
Қазақ-жапон халықтарының ұқсастықтары мен байланысы жайлы Алаш зиялылары да жазғаны жасырын емес. Тереңінен зерделесек, бір-біріне жат ұлт жоқ, бәрі де бір адамның баласы, дейді жапон қызы.
«Мен, сондай-ақ, қазақ музыкасын тыңдауды қатты ұнатамын. Димаш Құдайберген, Ninety One сияқты әлемде әйгілі әншілерді жақсы көремін. Сонымен бірге Айқын Төлепберген, Зируза Тасмағамбетова және Ғазизхан Шекербековті де тыңдаймын. Бүгінгі таңда Құрмаш Маханның «Аяулым» әнін күнде тыңдап жүрмін», - дейді ол.
Айгүл, сондай-ақ, қазақ ас үйін, дәстүрін де зерттегенді ұнатады.
«Ет пен қазының дәмі тіл үйіреді. Қазақ халқы – өте мейіріміді әрі қонақжай. Маған әсіресе, қазақтың түсқиіз деген кесте тігу мәдениеті қызық. Қазақтар бұрында көшпелі өмір сүрген кезде анасы өзінің қызына 3-6 ай ұзақ уақыт жұмсап, түскиіз жасапты. Түскиіздегі әр оюда әр түрлі тілек болады екен. Бақыт, денсаулық, байлық сияқты. Қазақ халқы қыз баланы тұрмысқа бергенде бақытты болсын деген тілекпен түскиізді сыйлаған. Осындай ырымын, мәдениетімен танысып, таңқалдым. Сондықтан мен де Денис Тенге түскиіз сияқты кілем тігуге шешім қабылдадым. Содан 3 ай бойы достарыммен ойнамай, бір күн демалмай, кесте тіктім. Кейін іс-шаралардың бірінде журналист менен «Мұны Дениске сыйлағыңыз келе ме?» - деп сұрады. Мен «әрине»деп жауап бердім. Содан кейін Жапонияда онымен кездесіп, өзім жасаған кілемінді сыйға тартқан едім», - дейді Мисаки.
Қазақтың тілін, мәдениетін, дәстүрін әлемге паш еткен Денис Теннің рухына мәңгілік тағзым! Осы ретте, Азаттық рухы тілшісі спортшының жетістіктерін оқырман үшін тағы бір еске сала кетуді жөн көрді:
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бес мәрте чемпионы, Олимпиада-2014 қола жүлдесінің иегері, әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы, халықаралық конькимен сырғанаушылар рейтингінде 9-орындағы спортшы.
Денис 12 жасында, 2006 жылы, Қазақстанның чемпионы атанды. 13 жасында Голландияда гран-при алған жасөспірімдер арасындағы үздік ондық қатарына кірді. Бұл – ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс. 2018 жылға дейін ол – Қазақстанға олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, қысқы Азия ойындары және гран-при кезеңінен медаль алып келген алғашқы және жалғыз спортшы. Сондай-ақ, Денис Тен – әлемде бильман атты элементті жасай алатын санаулы спортшының бірі.
2010 жылы Олимпиада ойындарында 11-орын иеленді.
2011 жылы ақпанда Алматыдағы Азиадада Денис алтын жүлдені қанжығасына байлады. Сол жылы Франциядағы әлем чемпионатында Тен жетінші орынды иеленді.
2013 жылы Денис Канададағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
2013 жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионаты қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылды. Өйткені, Денис Тен ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдесін алып берді
2014 жылы өткен Сочи Олимпиадасында 3-орын иеленді.
2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, VII Қысқы Азия ойындарының чемпионы, ISU қамқорлығымен түрлі халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы.
2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада Денис өзінің деңгейін тағы бір көрсетіп, алтын жүлдеге ие болды. Гран-При кезеңдерінің бірінде күміс медаль алды.
2013 жылдан бастап спортшы «Денис Тен және оның достары» атты мұз айдындағы шоуға продюсерлік етті. 2014 жылы Денис Теннің шоуы үшін Жапониядан 500 турист келген болатын.