"Бақытты болудың жолын үйретемін". Әлеуметтік желіде осындай атаумен семинар-тренинг өткізетін коуч көп. Олар жас қыздарға тұрмысқа сәтті шығудың жолын көрсетіп, ауқатты жар табуға көмектеседі. Керек десең, күйеуіңнің қалтасын қампайтудың жолын айтып, бақуатты әйелдің формуласын ұсынады. Арасында «қыз-келіншек бірінші өзін ойлау керек» деп дәріс оқып, жас отбасылардың арасына от салатындар да бар. Жол ашқыштың «тонын кигендер» неге көбейіп кетті? Аружан Задабек тарқатып айтады.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Мен сіздерге бақытты болудың жолын көрсетейін бе? Бәрі оңай. Ол үшін адам тек өзін ойлауы керек. Әдемі киін, боян, өзіңнен қаржы аяма! А, бала ма? Отбасы дейсің бе? Жоқ, оның бәрі екінші кезекте! Әйел бақытты болмаса, отбасы да тату болмайды. Мен сіздері өзімнің авторлық курсыма шақырамын.
Иә, қазір әлеуметтік желіде дәл осылай түрлі тренингке шақыратындар көп. Біреу бай болудың құпиясын ашам деп еліктірсе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел болудың жолын үйретемін деп әуре. Керек десең, қыздарға мықты жігіт табуды, бақытты әйел болудың амалын да көрсетеді. Мәселен, өзін «отбасылық экспертпін» деп таныстырған Қыран Талаппектің екінші әйелі авторлық курсын сатамын деп оңбай сынның астына қалды.
Коучерлер жүректі тыңдауға шақырады. «Өзіңді бірінші орынға қой!» деп кеңес береді. Бәлкім, бұл дұрыс ақыл болар. Бірақ әлгі «ақылшылар» әркімнің өмірі әртүрлі екенін ескермейді. Бәріне айтатын кеңес – ортақ. Салдарынан семинар спикерінің дегеніне сеніп, шаңырағы шайқалып жатқандар, өзің сүйетін іспен қана айналыс дегенге иланып, жап-жақсы жұмыстарынан шығып кеткендер көбейіп барады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Тәрбиені қыз бала отбасынан алады ғой. Бірінші – анасынан, әжесі болса, тіпті, жақсы. Әжесінен алады.
- Кейбір тренингтер алдамшы болады ғой. Алдарынып, тренинг үшін күйіуімен ұрысып, жанжал шығару дұрыс емес деп ойлаймын.
- Дұрыс емес-ау. Орта жастағы үйретсе болады.
- Әр заманның құқайы болады дейді ғой. Сондай шығар. Мен оған келісе алмаймын. Бірінші отбасын ойлау керек.
Тренинг өткізіп теңге тауып жүргендердің көбінде арнайы сертификат жоқ. Олар «аңқау елге арамза молданың» кейпін киіп, жұмысын дөңгелетеді. Мақсаты - адамды тіркеп, ақшасын алса болды. Оның әр қарай өміріне бас ауыртып жатпайды. Психолог өздерін «коуч» санайтындардың көбі ішкі өкініші мен қорқынышы бар жандар – дейді. Ал, мұндай ақылшылар өзгеге қандай жол көрсетеді?
Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Өзіне сенімсіз, өздігінен шешім қабылдай алмайтын, шамалы еріншектігі бар, яғни өзі әрекет еткісі келмейді, басқа жақтан маған дайын етіп беру керек деген оймен осындай үйрететін тренингтерге баруға бейім болып келіп жатады. Тренинг деген сөз ағылшын тілінен аударғанда оқыту, үйрету деген мағына білдіреді. Яғни, адам өзін-өзі тәрбиелей алмағаннан кейін, өздігінен оқи алмағаннан кейін басқа жақтан дайын білімді алғысы келіп жатады.
От ауызды, орақ тілді тренерлерден «тәлім» алуға асыққандар нені ескеру керек? Курс өткізудің де өз тәртібі бар. Ешқандай лицензиясы жоқ семинардан аулақ болу керек, - дейді заңгерлер. Өйткені ақшаға білімін сататын мамандарды заңмен қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Мотиватор-тренердің ақпараты сапасыз болса, ол – қылмыс емес. Бұған байланысты елімізде заң жоқ.
Жанар ЕРЖАНОВА, ЗАҢГЕР:
Олар - интернетте оңай ақша табудың жолын іздейтін адамдар. Бірақ оңай ақша болмайтынын ескеру керек. Курс заңға сәйкес па, жоқ па, соны зерттеу керек. Ешқандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болыңыздар. Ал егер, курс ақшасын алып, бірақ ешқандай сабақ өтпесе, құзырлы органдарға шағымдану керек. Дәлел ретінде сөйлескен чаттарды суретке түсіріп алыңыз. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Қанша адам болса – сонша пікір, сонша ұстаным бар. Өмірді қалай сүреді, ілімді қалай жинайды, ақылды кімнен алады – әркімнің өз таңдауы. Тек өмірдің сан сырын білмей тұрып, сәттілік шақыруды үйрететін, тұрмыс құрмай тұрып, бақытты отбасы болудың құпиясымен бөліскісі келетін «ақылсымақтардың» алдына барып, алданбаса игі.