Соңғы кездері жас әнші Жандос Қаржаубайұлының орындауындағы "Көзмоншағым" әні тойшыл қауым арасында хитке айналды. Әнші көптің сұранысына ие болған әнінен кейінгі өміріндегі өзгерістер туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Жандос мырза, сізбен сұхбаттасудың реті түскеніне қуаныштымыз. Әңгімені шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы...
Шығармашылығымда "Көзмоншағым" әні шыққалы бері сегіз айдан асты. Осы сегіз айдың ішінде сегіз әнім жарық көрді. Солардың бесеуіне клип түсірдік. Аллаға шүкір, жақсы таралып, халықтың көңілінен шығып жатыр. Былтыр көктемде Ақтөбе және Алматы облыстары бойынша гастроль жасадық. Осы жылы 18 қыркүйектен бастап Қазақстан бойынша тур жасап жүрміз."Көзмоншағым" әні өміріңізді қаншалықты өзгертті?
Хит әндерім әрине, өміріме үлкен өзгеріс әкелгені жасырын емес. Тойға тапсырыс көбейді. Халық арасында танымалдылығым арттыруда. Бұрын Төреғали ағаларымыз, Абай Бегей ағаларымыз "Аспанға қараймын" сияқты хит әндердің арқасында үй алдым, материалдық жағдайымды жақсарттым" дегенде, ертегі сынды көріп, сенбейтін едім. Бірақ еңбек бәрін жеңеді екен. Себебі, "Көзмоншағым" шыққалы бері Алматы қаласынан үйлі болдым, астыма су жаңа "Toyota camry - 70" көлігін міндім.