$494.87 €520.65 ₽4.91
×

СҚО Белое ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі жерді қайтарып алғысы келеді

03.10.2023ж. 20:00
753
СҚО Белое ауылының тұрғындары  өздеріне тиесілі жерді қайтарып алғысы келеді

Солтүстік Қазақстандағы Белое ауылының тұрғындары жерлерінен айырылып қалғандарын айтып, дабыл қағуда. Егіншілікпен айналысқан кәсіпорын олардың жерін заңсыз иемденіп, артынша банкке кепілдікке қойған. Соның салдарынан 500ге жуық адам жер сипап қалды. Мәселенің мәнісін аймақтағы тілшіміз біліп көрді.

Белое ауылында 900ге жуық түтін бар. 2004 жылы ауылдың тең жартысы Бескөл тұқым шаруашылығы серіктестігінің қарамағына өткен. Аталған компания жұрттың меншігіндегі 1500 гектар аумақты банкке кепілдікке қойып, ізінше 2013 жылы банкрот деп жарияланған.

Наталья КЛЕПОВА, БЕЛОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бескөл тұқым шаруашылығы серіктестігі 2013 жылға дейін бізге жыл сайын пайдың төлемі ретінде 170-200 келі бидай беріп отыратын. Кейін біз бұл компанияның жабылып қалғанын, ал бізге тиесілі 1500 гектар аумақ банкте кепілдік ретінде тұрғанын білдік. Ол бізді алдап кетті. Себебі, біз ешбір құжатқа қол қойған жоқпыз.

Галина КУЗЬМЕНКО, БЕЛОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

жыл сайынғы пайдың құнын жеммен беріп жүргенде біз мал ұстадық. Ал қазір ауылда мал қалмады. Себебі, жем-шөптің бағасы удай. Төрт түлік көбейту тиімсіз.

Ауыл тұрғындары өз мәселесімен құзырлы органдарға жүгінген. Полиция тексеріс жүргізгенімен, кінәлілерді анықтай алмапты.

Әлихан БАЙҚАДАМОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2022 жылы қылмыстық іс қозғалды. Алайда, шаруашылық банкрот болып жарияланғандықтан оның ешбір құжаты табылмады. Тұрғындардың да иелікті дәлелдейтін құжаттары жоқ. Кінәлі тұлғалар анықталғамаған соң, тамыз айында тергеу тоқтатылды.

Дауға айналған жерді банк 2016 жылы өзге шаруашылыққа сатып жіберген. Жергілікті билік жұрттың проблемасын арқалап, жердің жаңа иесімен келіссөздер жүргізіпті. Нәтижесінде жаңа кәсіпорын әлеуметтік көмек ретінде тұрғындарға әр пай үлесі үшін 20 мың теңгеден төлейтін болды.

Азамат КЕМЕЛОВ, РОЩИНСК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Біз тұрғындармен және шаруашылықпен үш жылдық меморандумға қол қойдық. Кәсіпорын жаңа жерді банктен жеке меншік ретінде сатып алғанымен, тұрғындардан бас тартып отырған жоқ. Әлгі меморандум 2024 жылы тағы үш жылға ұзартылады деген ойдамын.

Десе де, ауыл жұрты өз жерін қайтадан толық иемденгісі келеді. Тұрғындар енді сотқа арызданбақ.