Қоршаған ортаны қорғауға жыл сайын қомақты қаражат жұмсалады. Соған қарамастан Атырау өңірінің экологиялық жағдайы жақсармай тұр. Облыс тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған, ірі кәсіпорындар әлі күнге дейін автоматтандырылмаған бақылау жүйесін қолдануда. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар «Атырау облысындағы экологиялық ахуалдың жай-күйі» тақырыбында көшпелі отырыс өткізіп, «Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты», «Атырау Су арнасы» кәсіпорындарының қызметімен танысты.
Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ең басты мәселе -Жайық өзенінің деңгейінің төмен түсіп кетуі. Кеше осы өзеннің Каспийге құятын жағын қарап келдік. Аралдар пайда болған. Балықшылар не теңізге шыға алмайды, не теңізден кіре алмайды. Балық кіре алмайды. Және Жайық өзені тек Каспийге құйып жатқан жоқ, одан халық су да ішіп отыр. Энергетика, ауылшаруашылық мәселесіне пайдаланып отыр. Сондықтан үлкен проблемалар туындап жатыр.