Жыл басынан бері Кеген ауданындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 185 мыңға жуық демалушы келген. Ал олардан салық ретінде түскен түсім 63 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ал Былтыр «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 210 мыңнан астам турист келген.
«Сәйкесінше, туристердің демалуына ыңғайлы жағдай жасалуда. Мысалы, биыл 4G интернет тартылды. Билайн, Актив мобильді байланыстары толық жұмыс істеп тұр. Әр адам өзінің ыңғайына қарай киіз үйден бастап, жоғары санатты қонақ үйде қоныстануға мүмкіндігі бар. Ұлттық парк аумағында 57 қонақ үй орналасқан. Оның ішінде «Көлсай Номад» және «Көлсай Гранд» қонақ үйлері инвестициялық жоба есебінде бой көтерген. Жалпы жоба құны - 143 млн теңге. Қонақ үйлердің бірі 50 адамға арналса, екіншісінде бір уақытта 25 адам қоныстана алады», - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Демалыс аумағында келушілерге арналған асхана, мейрамханалардың да саны артқан. Демалыс аумағының тазалығы қатаң бақылауға алынды. Аумақта дәретхана мен қоқыс жәшіктері де толықтай шешілген. Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында 7 туристік маршрут құрылған. Барлық маршруттардың төлқұжаттары жасалып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бекітілген.
«Нақтырақ айтсақ, «Саты ауылы-Қайыңды көлі», «Саты ауылы-Саты асуы», «Төменгі Көлсай көлі-Сарыбұлақ асуы», «Күрметі ауылы-Ортаңғы Көлсай көлі», «Күрметі ауылы-Қыземшек тауы», «Өрікті сайы-Мәжі көлі» «Төменгі Көлсай көлі» бағыттары жаяу және атпен жүруге арналған. Маршруттар келушілерге жыл бойы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық парк басшылығы 13 тур фирмамен келісімшартқа отырған. Көлсайға кіру құны да қолжетімді: 1 адамға 845 теңге, жеңіл көлік - 200 тг, тур автобус - 600 тг. Мұнда алдағы уақытта автоматтандырылған төлем пункттері орналастырылады. Ұлттық паркке апаратын «Алматы-Көлсай» күре жолына 2018 жылы күрделі жөндеу жасалған. Бүгінде Қайыңды көлінің жолы жасалып жатыр», - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.