$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қонаев қаласында «Шахмат керуені» атты турнирдің жартылай финалы өтті

04.10.2023ж. 20:00
913
Қонаев қаласында «Шахмат керуені» атты турнирдің жартылай финалы өтті

«Шахмат керуені» Қонаевқа жетті. Әуесқойлар арасындағы турнирдің жартылай финалында 20 адам бақ сынады. Оның үшеуі гранд-финалға жолдама алды. Сондай – ақ ақыл-ой ұшқырлығы мен тапқырлықты дамытатын спорт түрін өңірде кеңінен насихаттау мақсатында Қонаевта Қазақстан Шахмат федерациясының филиалы ашылды.

Көкшетаудан бастау алған теңбіл тақта турнирінің керуен жолында Қонаев 14-ші қала болды. Ойыншылар үшін мобильді зал ретінде арнайы киіз үй қойылды. Шараның салтанатты ашылуына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар арасында бүлдіршіндер мен қариялар да бар. 76 жастағы Ахат Сұлтанқұлов «Бұл спорт түрінің жастарға берері көп»,- дейді.

Ахат СҰЛТАНҚҰЛОВ, ҚАТЫСУШЫ:

Ақыл береді, ой береді, сабырлық береді. Бір гроссмейстерден сұрапты: «сіз қанша ход ойлайсыз, 10- 15 пе?» деп. Сонда ана кісінің айтқан сөзі: «Мен 10- 15 ход ойламаймын, әрбір позицияда жақсы ходты табуды ойлаймын» деп. Өмірде де солай.

«Шахмат керуені» - аймақтарда шахмат қозғалысын насихаттау үшін іске қосылған республикалық жоба. Дәл осы мақсатта Қазақстан шахмат федерациясы Қонаев қаласында өз филиалын ашты.

Гүлмира ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан шахмат федерациясы 10-шы қыркүйектен бастап «Шахмат керуені» деген жобаны бастады. 18 қаланы аралап шығып, сол жерде жарыстарды өткіземіз. Өзіміздің филиалдарды ашамыз. Ең басты мақсат-барлық өңірлерде шахматты дамыту.

Жартылай финалдың жеңімпаздары 10 қарашада Түркістанда өтетін гранд-финалға қатысады. Оның жүлде қоры- 5 млн теңге.