Тоқсаныншы жыл Кеңес Одағы тарихына «егемендік шеруі» деген атпен енді. Себебі одақ құрамындағы елдер өз тәуелсіздігін жариялап, дербес болуды көксей бастады. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі де 1990 жылдың 25 тамызында «Егемендік декларациясын» қабылдады. Қазір бұл күн елімізде ұлттық мереке «Республика күні» болып аталып өтіледі.
Республика күні 1992 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізіліп, 2009 жылы қайтадан тізімнен алынып тасталды. Алайда, 2022 жылы Ұлытауда өткізілген құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің маңыздылығына ерекше тоқталып, айтулы күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25 күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын.
70 жылдан аса өмір сүрген Кеңес империясының шаңырағы 1990 жылы шайқала бастады. Құрамындағы елдер егемендікке ұмтылып, өз тәуелсіздіктерін жариялап жатты. Қазақстан да бұл көштен қалмай, егемендік декларациясын қабылдады. Тарихшылар бұл декларация қазіргі Конституцияның негізі деп есептейді.
Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
Осы егемендік туралы декларацияда алғаш рет Қазақстанның егемен ел екендігі, ішкі-сыртқы саясатын өзі жүргізе алатындығы, одан кейін экономикалық жаңағы өзінің жеке валюталық жаңағы саясатының болатындығы және жердің астындағы-үстіндегі иесі сол мемлекет екендігі барлығы анық айтылды. Қазақстан териториясындағы әскерді ұстауы, ядролық қару сынақтарын өткізуді тиым салу сияқты маңызды маңызды біздің республиканың қоғамдық-саяси өміріне әсер ететін өте бір мәтін сол жерде жазылды. Міне, осы егемендік туралы декларация шындап келгенде біздің тәуелсіздік туралы заңның негізі.
Егемендік декларациясын жариялағаннан 1 жылдан соң Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізді. Әлемдік картаға жаңа республика енді. Сондықтан « Республика күнінің» халық үшін рухани маңыздылығы өте зор дейді депутат Ерлан Саиров.
Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осы республика күнінен бастап Қазақстанның тәуелсіздігінің тұғыры нығайып, ең негізгісі біздің еліміздің тәуелсіздігінің инстуцияналдық негіздері жасалды. Сондықтан осы Республика күні барлығымыз, бүкіл Қазақстан халқы үшін рухани қоғамдық маңызы өте жоғары.
Қазақстан бүгінде бағыты айқын, іргелі елге айналды. Сындарлы саясаттың арқасында қиындықтарды жеңе білді. Тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, экономикасын нығайтты. Осы ауқымды да қастерлі істердің басында Егемендік декларациясы тұрғаны баршаға аян. Бұл күнді ұлықтау - қазақстандықтардың қасиетті парызы.