$498.34 €519.72 ₽4.85
×

13 өңірде ұн бағасы өскен

AstanaTV
06.10.2023ж. 11:32
703
13 өңірде ұн бағасы өскен

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте биылғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға жағдайы мен алдағы маусымаралық кезеңдегі тәуекелдер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауылшаруашылық жылы қабылданған шаралар оң нәтиже берді: әлеуметтік азық-түлік тобының бағасы тұрақтандырылып, былтырмен салыстырғанда Қазақстанда азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны 3 есе төмендеді. 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 6,2% құрады (2022 жылғы 9 айда 19,5%). Осы уақыт аралығында ӘМАТ бағасының индексі 3,1% құрады (2022 жылғы 9 айда 19,5%) 6 есе төмендеді.

Қант саласын қолдау, күнбағыс майын өндіру және тұрақтандыру қорларында көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша қабылданған жүйелі шаралар да оң нәтиже берді. Десе де қазір ішкі нарықта ұн өнімдерінің қымбаттау қаупі бар.

Қыркүйек айының ортасында астық нарығының конъюктурасының өзгеруіне байланысты жекелеген өңірлерде бидай бағасының өсуі байқалады. Бағаның өсуіне бірнеше факторлар себеп болды: күн райының қолайсыздығы, отандық астық өңдеушілерге Ресейден жетізілетін астықты тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі.

Астық бағасының көтерілуі нәтижесінде 13 өңірде ұн бағасы өсті, - деп мәлімдеді СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

27 қыркүйек күні Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Азық-түлік корпорациясы, ҚТЖ және әкімдіктермен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясының арзандатылған астығын өңірлерге жедел жеткізу және оны өңірлердегі ұн өндіруші операторларға беру үшін шұғыл шаралар әзірледі. Бірақ түрлі себептерге байланысты процесс ұзаққа созылды және бүгінгі таңда тек Түркістан облысына арзандатылған астық толық жеткізілді. Серік Жұманғарин барлық өңірде бұл мәселені жедел пысықтап, шешуді тапсырды.

Қант зауыттарын қаржыландыру шарттарын ұзартуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда тек 2 өңірде – Абай және Ақмола облыстарында жұмыстар жүргізілген. Вице-премьер бұл мәселені жедел пысықтап, жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қоры туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков баяндады. Ол 14 қыркүйекте Жамбыл облысында өткен үлкен пияз жәрмеңкесінен кейін барлық өңір өз қорларындағы маусымдық қажеттілікті 100%-ға дейін қамтамасыз еткенін атап өтті.

Қырыққабат бойынша 6 өңірде, картоп бойынша 2 өңірде және сәбіз бойынша 1 өңірде келісімшарттар көлемі ұсынылған көлемнен төмен.

Жаз маусымында Қызылорда облысында күріш жәрмеңкесі өткізілсе де, тек бес облыс қана маусымдық сұраныс деңгейінде қорын қалыптастырған. Отандық күріштің қолжетімді бағасын (келісіне 400 теңге шегінде) және көршілес елдерде бұл өнімге сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, Серік Жұманғарин өңірлерге аталған өнім бойынша келісімшарт жасауды қажетті деңгейге жеткізуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚТЖ-ға Қазақстан ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ көрші елдерден, (Өзбекстан мен Тәжікстан) маусымаралық және қыс мезгілінде көкөністерді жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.