$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әкімдік Кегендегі апатқа қатысты түсініктеме берді

AstanaTV
06.10.2023ж. 13:52
761
Әкімдік Кегендегі апатқа қатысты түсініктеме берді

Оқыс оқиға кеше «Қайыңды-Саты» таулы автожолы бойында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өкінішке қарай жол апаты салдарынан 36 жастағы жолаушы қаза болған.

Биылғы жылдың 5 қазан күні Кеген ауданы Саты ауылдық округі аумағындағы «Қайыңды-Саты» таулы автожолы бойында 9 км қашықтықта 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалысқа шығып кеткен. Салдарынан 1997 жылы туған О. есімді азамат басқарып келе жатқан «УАЗ» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысты. Бұл факт ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданының ББ-да тіркелді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында дене жарақатынан қайтыс болды, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Ведомство жол апатынан 34 адамның зардап шеккенін нақтылады.

Зардап шеккен барлық 34 адамға алгоритм бойынша толық көлемде жедел медициналық көмек көрсетілді. Барлығы Жалаңаш ауылының ІАҚ-на жеткізілді. Зардап шеккендер - 20 әйел мен 14 ер адам. Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы және 1 ТМҚК бригадасы (28 қызметкер және 14 санитарлық автокөлік бірлігі) жіберілген. Зардап шеккендердің барлығы Шелек ауылының аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазір Кеген аудандық ауруханасында - 1, Шелек ауылының аудандық ауруханасына - 2, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына - 9 науқас ем қабылдауда, жағдайлары орташа ауырлықта, - делінген хабарламада.

Қазір осы жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі тергеу барысын облыстық полиция бастығы бақылауға алды. Бұл мәселе Алматы облысы әкімінің бақылауында, - деп түйіндеді ведомство өкілі.