$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мектеп асханаларын тексеру нәтижесі жарияланады

AstanaTV
06.10.2023ж. 16:07
669
Мектеп асханаларын тексеру нәтижесі жарияланады

Бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін ыстық тамақтың сапасына жөнді қарамай жүрген мектептер мәселесі министрлік деңгейінде қаралады. Бұл туралы Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 2023-2024 жылғы оқу жылдарында елімізде бастауыш сыныпта оқитын 1,4 млн бала тегін тамақтанады. Алайда оқу жылының басында мектеп асханаларында балаларға арналған тамақтың сапасына қатысты ата-аналар шағым айта бастады.

«Еліміз аумағында ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін қадағалау бойынша тиісті топ тексеріп жатыр. Барлық өңірде 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақпен беруге қаражат толық бөлінген. Бірақ қоғамда оның сапасына және толықтай қамтуға қатысты сұрақтар қойыла бастады. Сондықтан мониторинг тобы осы кемшіліктерді анықтап, бұл саладағы мәселені министрліктің аппараттық кеңесінде қарастырамыз», - деді Ғ. Бейсембаев.

Оның айтуынша, мониторинг тобының қадағалау жұмыстары 10 қазанда аяқталады.

«Кейбір аймақтарда талаптарды орындамаған жекелеген мектептер анықталып жатыр. Бұл тұрғыда оларға нақты шаралар қолданылады. Жергілікті әкімдіктерге мектеп асханаларының жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыру мәселесіне қатысты хат жолдаймыз», - деді министр.