WKF каратэден Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан қоржынына оныншы алтынды салды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әйелдер арасында +68 келі салмақтағы ақтық айқаста Софья мен Арика Гурунг күш сынасты. Жекпе-жек басынан белсенді қимылдаған Берульцева қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп: 3-0.
Софья ХІХ жазғы ойындарды ширек финалдан бастап, Жуд Олдрусты (Иордания) сенімді жеңген. Арада көп уақыт өтпей, ол жартылай финалда Филиппин спортшысы Изабель Арианна Бритодан басым түсті.
Ханчжоу татамиінде Софья өзінің жүлде коллекциясына жетпей тұрған санаулы медальдің біріне қол жеткізді. 22 жастағы қазақ каратэшісі бұған дейін Токио Олимпиадасы мен 2021 жылғы әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған. Сонымен қатар спорттың осы түріндегі ең беделді жарыстың бірі Премьер-лигада 4 рет алтыннан алқа тағып, тағы бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген. Азияның 2 дүркін чемпионы, тағы 3 рет күміс, 1 рет қола медаль алған. Сондай-ақ Берульцева былтыр АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарынан Қазақстанға жалғыз алтынды алып келген.