$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру қарашаға дейін жалғасады

AstanaTV
08.10.2023ж. 11:33
732
Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру қарашаға дейін жалғасады

Атырау мұнай өңдеу зауытының негізгі қондырғыларына тексеру жүріп жатыр. Зауыттың қондырғылары қарашаның алғашқы онкүндігінде тұрақты жұмыс режиміне шығады.

Мұнай өңдеу зауытында жоспарлы тексеру жұмысы 1 қазанда басталды. Осыған байланысты негізгі қондырғылар жұмысы тоқтатылды.

– Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған тексеру жұмыстары басталды. Бұл – қондырғылар жабдықтарының тұрақты жұмыс жағдайын сақтап, өндірістің тиімділігін арттыруға арналған жыл сайын іске асырылатын іс-шара. Тексеру жұмыстары кезінде технологиялық жабдықтар мен құбырларды техникалық куәландыру, диагностика және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізу секілді іс-шаралар кешені жоспарланды. Аппараттарды бумен тазалау процесі жабық жүйеде жүргізіледі. Бұл бу мен көмірсутек қоспасының атмосфераға шығаруының алдын алады. Сұйықтыққа айналған бу қоспасы дренаджық жүйеге жіберіледі. Атырау қаласының экологиялық климатын жақсартуға мүдделі кәсіпорын ретінде «АМӨЗ» ЖШС зиянды заттардың атмосфераға таралуын мейлінше азайтуға қажетті барлық шараны қабылдайды. Тексеру жұмыстары жабдықтардың қауіпсіз және сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, жоспардан тыс тоқтатуларды азайтады, - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Қондырғыларды тексеру жұмыстарын жүргізуге 1 600 жұмысшы мен 116 арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстың көлемі 1 млн адам/сағатқа жоспарланған. Технологиялық қондырғылар тоқтатылған кезде реакторлық жабдықтардағы катализаторлар ауыстырылады.

– Барлық жұмыс өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау туралы» Заңның талаптарына сәйкес жүргізіледі. Энергетика министрлігімен келісілген жоспарға сәйкес мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру және жөнелту процесі іске асырылады. «ҚазМұнайГаз»-дың өзге де мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін өндіру көлемін арттыру жоспарланған. Аталған шаралар бірінші кезекте экономиканың әлеуметтік маңызы бар секторларының қажеттілігін қамтамасыз ету, оның ішінде күзгі дала жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынын жөнелтіп, ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған, -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.

Жоспарланған тексеру жұмыстары басталғанға дейін зауыттың резервуарларында мұнай өнімдерінің қоры жинақталған. Резервуарларда 36 мың тонна автобензин, 32 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна әуе отыны бар. Қазан айында қосымша 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарланған.

Зауыт қондырғыларының тұрақты жұмыс режиміне көшуі қараша айының алғашқы онкүндігіне жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы 1 қазанда тоқтатылатынын жазған едік.