Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ерұлан Жамаубаев бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады

AstanaTV
10.10.2023ж. 14:55
468
Ерұлан Жамаубаев бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын ең көп игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Оның атап өтуінше, 9 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары - 99,3, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5 пайызға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 16 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді.

«Атқарылмау 70 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 54 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау және басқалары», - деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 49 млрд теңге.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 1 трлн 112 млрд теңге бөлінген. Оның 98,5 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 16 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында қалыптасты», - деді министр.