Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жетісу облысында екпеден бас тартқан балалар жаппай қызылша жұқтырып жатыр

AstanaTV
10.10.2023ж. 17:31
612
Жетісу облысында екпеден бас тартқан балалар жаппай қызылша жұқтырып жатыр

Жетісу облысында қызылша әсіресе вакцина алмаған балалар арасында көп тіркеліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының дерегінше, жыл басынан бері қызылшаның 255 жағдайы тіркелген, оның 186-да сырқат зертханалық жағдайда расталды.

14 жасқа дейінгі балалар — 155 (83,3%), 15-19 жас — 4 (2,2%), 20 жастан жоғары — 27 (14,5%).

Мәселен, ауырғандардың 87,6 пайызы — вакцинациядан өтпеген балалар.

«Инкубациялық кезең 7-21 күн аралығына созылады, жұқпа көзі — науқас адам. Ауру ауа-тамшы жолдары арқылы науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Ауру өте жұқпалы, яғни бұрын сырқаттанбаған адамға қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынас жасағанда сырқаттану қаупі өте жоғары (егілмеген жағдайда). Вирус ауада 2 сағатқа дейін белсенді және жұқпалы болып қалады», — деді Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Асхат Чарапиев.

Спикер қызылша жұқпасы мен аурудың асқынуының алдын алудың тиімді жолы вакцинация екенін еске салды.

«Инфекцияға қарсы ең қол жетімді және тиімді шара вакцинация. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін сақталатын иммунитет қалыптастырады. Ұлттық күнтізбеге сәйкес алдын алу екпесі жоспарлы түрде 12-15 айда және қайта егуі 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады» — деді маман.