Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Метадон терапиясы: күдік бұлты қалың

AstanaTV
10.10.2023ж. 22:08
707
Метадон терапиясы: күдік бұлты қалың

Келесі жылдан бастап еліміз есірткіні бюджет есебінен сатып алуға кіріседі.  

Әңгіме метадон терапиясы бағ­дарламасын мемлекеттің жүзеге асыра бастайтынына қатысты болып отыр. Бұрын оны батыстық халықаралық ұйымдар қар­жыландыратын. Бұл жаңалық сарапшыларды, қоғамдық мәселелерге селқос қа­рамайтын жұртшылықты дүр сілкіндірді. Белсенділер бұған қарсы петиция жариялады. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды. 

Қарсылар не дейді?

«Қазақстанға бір есірткіні екінші­сімен заңды түрде алмастыратын мем­лекеттік бағдарлама керек пе?» деген тақырыптағы таластар қайта басталды. Құқық қорғаушы, практик заңгер, «Қорғау HR» басшысы Әлия Абдинова онлайн петиция жария­лап, «елдің ұлт­­тық қауіпсіздігі мен халық­тың ден­сау­лығына қатер төндіретін ме­тадон есірткісін заңдастыру жобасына қарсы қол жинауда.

Бүгінде оған 7 мыңнан астам адам қол қойған. Оның ішінде 6,4 мыңдайы пети­цияны жақтады. Тағы 635 адам петицияға қарсылығын білдірген.

«Метадон – қауіпті синтетикалық есірткі. Оны қолдану адамға героин және морфин сияқты зиян келтіреді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі метадон есірткісін республикалық бюд­жет қаражатына сатып алып, меди­­­­­циналық көмек ретінде тегін тара­­туға ниетті. Азамат ретінде мен бұған қарсы­­мын. Қазақстанда бұл есірткіні белгілі бір тұлғалардың тобы нысаналы, табан­­ды түрде ілгерілетіп келеді. Бұған дейін және 2024 жылға дейін метадонды сатып алу ЖИТС, туберкулез және маляриямен күрестің Жаһандық қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Отандық эксперт­тердің бағалауынша, аталған есірт­кінің шығыны – 28,6 миллион доллар», – деді Әлия Сәбитқызы.

Қоғам белсенділері метадон сиробын дайындау үшін Қазақстанға заңды түрде әкелінетін компоненттер елімізде син­те­­­­тикалық есірткінің өзге түрлерін шы­­­­ға­­­­­­руға негіз болуы мүмкін деп алаң­­­­дай­­ды. Өйткені құзырлы органдардың кү­­­­­­­­­ресі аясында республикада синтети­­­­­­­калық есірткі жасалатын зертханалар көптеп әшкереленуде.

Психологтер метадонға тәуелді адам­дардың бойын дүлей күш билейтінін, олар шектен тыс агрессия танытып, жо­лындағысын қиратып жіберуге дайын тұратынын айтады. Аталған терапияны ұсынып жүрген ұйымдардың өздері де ашық ескертеді: метадон жеткізілімі ең құрығанда, бір күнге кешіктірілсе, оны алушылар наразылығын білдіріп, тәр­тіпсіздіктер ұйымдастыруы мүмкін.

Яғни, елдегі әлеуметтік-саяси кер­неуді күшейтуі – ықтимал салдарлардың бірі. Қасіретті Қаңтар оқиғасын бастан өткерген ел мұндай қадамнан абай бол­са керек. Сондықтан құқық қорғау­шы Әлия Абдинова және басқа да қоғам белсенділері Президентке қайырылып, Қазақстанда бұрынғы билік жүзеге асырған сынақ пен тәжірибеге тосқауыл қоюды, метадонды медициналық мақ­сатта пайдалануға түбегейлі тыйым салуды сұрап отыр.

Егер ондай саяси шешім қабылданса, онда ұлттық заңнаманы өзгертіп, жаңа­дан нормативтік-құқықтық актілер қа­былдау қажет болады. Мәселен, онда метадон II кестеден I кестеге кері көші­рілуі, яғни медициналық мақсатта қол­дануға тыйым салынған есірткіге жат­қы­зылуы шарт. Сондай-ақ рес­­­­­­пуб­­­­­лика­лық және жергілікті бюджеттерден бұл есірткі түрін сатып алуға қаражат бөлінбеуі тиіс.

Айтпақшы, белсенділер Мемлекет басшысынан метадон терапиясын ілгерілеткен барлық тұлғаларды тауып, жазаға тартуды сұрады.

Метадонды бюджет қаржыландыра ма?

Қазақстанда метадон алмастыру терапиясының пилоттық жобасы Денсаулық сақтау министрлігі тізгінін білікті дәрігер Жақсылық Досқалиев қолына алғанда енгізілді. Бұдан бұрын, 2003 жылы аталған терапияны ілгерілету бастамасы қолға алынған: Қазақстанға Жаһандық қор қаржы бөле бастады.

Бастапқыда метадон есірткінің героин сияқты аса ауыр түрлерін тұтынатын жастарға немесе ине салатын инъекциялық нашақорларға, жезөк­шелерге тек облыс орталықтарында та­ра­тылады деп есептелген. Бірақ бұл пилоттық жоба тез-ақ бүкіл елді қам­тыды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, метадон Алматы, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Екібастұз, Өскемен, Семей, Қостанай, Қызылорда, Орал сияқты қалаларда, облыс орталықтарында үлестіріледі.

2024 жылға арналған республикалық бюджетте де, Денсаулық сақтау ми­­нистр­­­­­­­­­­­­­­лігінің бюджетінде де, медицина­­лық сақтандыру жүйесінде де метадон терапиясына арналған бағдарлама жоқ. Дегенмен елде жүргізіліп жатқан де­централизация және дебюрок­ратия­за­ция әрбір министрлікке өзіне бөлінген ел қаржысын өз қалауынша жұмсауға үлкен еркіндік береді.

Мұның сыртында, он бес жыл жүзеге асырылған метадон бағдарламасы екі жақтан қаржыландырылғаны анық­талды: препаратты сатып алуды Жаһан­­дық қор қамтамасыз еткен. Ал оны тасы­­­малдау, логистикасы, сақтау, тиісті кабинеттерді жабдықтау және онда жұ­мыс істейтін қыз­­меткерлердің жала­қы­сы Қазақстанның Ден­­­­сауминінің мой­нына жүктелген.

Energyprom мониторинг агент­ті­гінің сарапшылары да Үкі­меттің, Ден­саулық сақтау министрлігінің рес­ми сайтта­­рынан 2024 жылғы 1 қаң­­тардан бастап, метадон бағдар­­лама­­сының бүкіл шығы­нын ел бюджеті көтеретіні туралы бірде бір материал, түсініктеме таба алмапты.

«Алайда мұны растайтын фактіні біз Жаһандық қордың, Залалды төмен­­детудің еуразиялық қауымдастығының (ЕАСВ) бағдарламалары мен есеп­те­рінен, гранттық құжаттарынан тауып алдық. Одан белгілі болғанындай, бір­неше жыл бұрын аталған бағытқа халық­­­аралық грантты алу туралы келісімге қол қоя отырып, Қазақстан шынымен де метадон бағдарламасын бірте-бірте мемлекеттік қаржыландыруға көшіру туралы өзіне міндеттеме алған. Көшіру мерзімі – 2024 жыл. Метадонды сатып алуды қаржыландыру үшін қажетті сома – 146,6 мың доллар (қазіргі бағам­мен 69,5 миллион теңге)», – деп ха­барлады Energyprom.

Агенттік бұған дайындық, мыса­лы метадонды азаматтар үшін тегін пре­па­раттар тізіміне қосу жұмыстары жү­ріп жатқанына назар аудартты. Атал­ған синтетикалық есірткі Қа­­­зақ­станның ұлттық дәрілік фор­мулярына енгізілді.

Мұның арты неге соқтыратыны бел­гісіз.

Терапия тиімді ме?

Емнің бұл түрін қолдайтындардың өз дәйектемелері бар. БҰҰ есірткілер және қылмыстар жөніндегі басқармасы (United Nations Office on Drugs and Crime не­месе UNODC) сарапшылары метадон терапиясынан пайда барына сендіреді.

Алмастырушы терапия бағдарла­масына (Программа заместительной терапии) жыл сайын шамамен 300 есірт­кіге тәуелді қазақстандық қатысатын көрінеді.

UNODC дерегінше, терапиядан өт­кендердің 182-сі жұмысқа тұрған. 39-ы оқу бітіріп, мамандық иеленді. 17-сі туберкулезге қарсы терапиядан өткен. 66-сы отбасы құрыпты. Үшеуі сау бала туған. Отбасылары барының 96 пайызы отбасылық қарым-қатынастарының жақсарғанын атап өткен. 14 пайызы емдеуді аяқтаған екен.

Биыл метадон алмастыру терапия­сынан 399 адам ғана өтіпті. Сондықтан олардың бар-жоғы қоғамға белгісіз. Егер олардың саны мыңдап есептелсе не болмақ?

Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мәліме­­­­тін­ше, Қазақстанда есірткіге тәуелді қазақстандықтардың саны 79,9 мыңнан асады. Яғни, солардың ішінде мета­­донмен емделетіндерінің үлесі мардым­сыз: 1 пайыздан аз.

Метадонды ілгерілетіп жүрген үкі­мет­тік емес халықаралық ұйымдардың сарапшылары жыл сайын бұл жобаға қатысушылар санын кем дегенде 1,1 мың­­­­­­нан асыруға кеңес берген.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, метадон бағдарла­­­масы жүзеге асырылған 15 жылда мұндай терапиядан жалпы саны 1 594 қазақ­­­стандық өтті. Қатысушылардың жобаға қатысуының орташа мерзімі екі жылды құрайды. Өзге есірткі түрлерінен бас тар­тып, метадон синтетикалық есірткісін қабылдайтын нашақорлардың орташа жасы – 43 жас.

Сарапшылардың айтуынша, бұл бағдарламаның тиімділігін немесе за­­лалын бағалау күрделі. Халықаралық ұйым­дар қорытындыларын ашық жариялай бермейді. Мысалы, қатысушы­лардың 26-сы қайтыс болған. Бірақ ашық дереккөздерде олардың негізінен аурудан, жазатайым оқиғалар салдары­нан жан тапсырғаны ғана айтылады.

Бұл жобаның халқымыздың қалауы­мен емес, халықаралық бақылаумен жүргізілуі де күдік бұлтын қалыңдата түсетіні сөзсіз.