Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Өңірлерде сұйытылған газ тапшы

10.10.2023ж. 20:00
721
Өңірлерде сұйытылған газ тапшы

Еліміздің кей өңірлерінде сұйытылған газ тапшы. Станцияларда көгілдір отын тек талонмен сатылып жатыр. Оның себебі неде? Аймақтағы тілшілеріміз құзырлы тараптармен тілдесіп, мәселенің жай-жапсарын білуге тырысты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжар өңірінде газ тапшылығы қыркүйек айының орта тұсында басталды. Облыс бойынша жүзден астам газ құю станциясы болса, сұйық отынды санаулы жерден ғана табуға болады. Көлік жүргізушілері арасында ұзын-сонар кезекке де кезігіп қалатынын айтады.

Юрий ИГНАТОВ, ТОКУШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдан келіп тұрмын. Екі апта болды газ таба алмай жүргеніме. Аудандарда да осындай тапшылық бар. Газды баллонмен де сатпайды. Сол жағы қиын.

Солтүстік Қазақстан облысы бір айда шамамен бес мың текше метр газ тұтынады. Ал күз мезгілінде жылыту маусымы мен орақ науқаны басталатындықтан сұраныс сәл артады. Министрлік бөлген көлем қажеттілікті өтемейді дейді жауаптылар.

Владислав ЛУКИН, СҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:

Энергетика министрлігі біздің өңірге қазан айында 5400 текше метр сұйытылған газ бөлді. Осы уақытқа дейін оның 1700 текше метрі жеткізілді. Газ уақытында келіп жатыр. Бірақ, біраз бөлігі элеваторларға кетіп жатыр. Олар егінді газбен кептіреді. Қазір бізге негізгі көлемнен бөлек тағы 2 мың текше метрдей қажет болып тұр. Бірақ министрлік әзірге қосымша көлем ретінде 500 текше метр ғана бөлді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Шенеуніктер газдың ірі партиясы жуық арада келеді деп сендіреді. Көгілдір отын дефициті мұнай астанасы Атырауда да байқалып отыр. Ол жайында әріптесім Базаргүл Нәдірқызы айтады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мұнайлы астана Атырауда да 1 айға жуық уақыттан бері автогаз тапшы. Сұйытылған отын іздеген жүргізушілер сабылысы мен ұзынсонар кезекке көз үйреніп кетті. Мұндай жағдай алғаш рет емес. Мамыр айында да сұйық отын сатылмай, сарсаңға салған еді.

Жүргізушілер әбден ашулы. Таңнан кезекке тұрып, түс ауа әрең жетеміз,- дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мынау не масқара , қарағым. Осы өзімізден газ шығады. Сол газге. Мен мына таңғы 7-де келіп тұрдым осы жерге кезекке. Ұят мәселе ғой. Шешетін мәселе ғой.
- Қайдан іздеп жүресің, бәрінде де осындай кезек. Осы заправкаға келгенде бірінші күні келеді деді. Сосын ешқайда қозғалған жоқпын. Қайдан іздеп жүресің.
- Жаңа беріп жатыр,- дейді. Бәрінде де осындай кезек дейді қайда барсаң да. Екі сағат болды.

Энергетика министрлігі тоқсан сайын өңірлерге кесте бойынша газ көлемін бекітеді. Қыркүйек айында Атырау облысына 5063 тонна автогаз бөлінген. Ал мұнайлы аймақтың жүргізушілеріне айына кем дегенде 9 мың тонна сұйытылған газ керек. Оның үстіне АМӨЗ зауыты қазанның бірінен бастап жөндеуге тоқтады. Енді облысқа сұйық отын Ақтөбе облысындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан жөнелтілу тиіс. Теміржол арқылы тасымалданатындықтан жеткізілуіне бірнеше күн кетеді.

Анар АХМЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазан айының басынан бастап газбен жабдықтауыш мекемелердің құжаттарын рәсімдеу, қаражаттарын аудару сияқты жұмыстары аяқталғаннан кейін вагондар жөнелтіліп, 2-3 күн мерзімде уақытты алады. Мәселен, 5 қазанда шыққан вагондар кеше 8-і келіп, 6 қазан шыққандар сәйкесінше бүгін келеді, бекеттерде босатылу жұмыстары жүруде.

Мамандар кезек көп ұзамай жойылады деген үмітте. Айтуынша, Ақтөбеден жеткізілетін сұйық отын көлемі - 5263 тонна. Бұл аймақ тұтынатын автогаздың жартысына жуығы екенін ескерсек, жағдайдың тұрақтала қоюы екіталай.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бір қызығы, осыдан бірнеше апта бұрын Ақтөбеде автогаз тапшылығы болып, Атырау мұнай өңдеу зауыты көмекке келген еді. Бұл жолы керісінше. Зауыт тұрақты жұмыс режиміне қараша айының алғашқы онкүндігінде қосылады деп жоспарланып отыр.