$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанай облысындағы медицина мекемелері қарызға белшесінен батты

10.10.2023ж. 20:00
899
Қостанай облысындағы медицина мекемелері қарызға белшесінен батты

Қостанай облысындағы медицина мекемелері қарызға белшеден батып жатыр. Әсіресе Рудный қалалық және облыстық балалар ауруханасының ахуалы мүшкіл. Ауруханалардың коммуналдық қызмет, дәрі дәрмек пен азық-түлікке берешегі 3 миллиард 600 миллион теңгеге жетті. Ал жабдықпен қамтушыларға 4 миллиард 300 миллион теңге беруі керек. Сала мамандары медициналық сақтандыру талаптарына сай қаржыландыру жүйесі осылай тығырыққа тірегенін айтады.

Қостанай облыстық балалар ауруханасы алты жылдан бері қомақты қарызынан арыла алмай келеді. Бұл күндері кредиторлық берешегі 600 миллион теңгеден асқан. Үш жүз науқасқа қызмет көрсететін мекеме үнемге көшті. Суды аз қолданып, дәліз жарығын үнемі өшіріп қояды. Бірақ қарыз күн сайын қалыңдап барады.

Нұрлан ЕРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бізде ақша жоқ, тек қана айлыққа жетеді. Қалғаны қалмайды. Шамамен 90-95 пайызы қаржының айлыққа кетеді. Содан бізде ақша қалмайды, содан біз төлей алмаймыз коммунальные, медикаменты, просто ақша жоқ.

Мекеме басшылары әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бекіткен емдеу тарифі тым төмен, дейді.Тіпті шығын есебімен сәйкес келмейді. Қызмет құны қымбат, ал оған төленетін ақы аз. Дәрігерлер жағдайға қарай жұмыс істеудің орнына ақылға қонымсыз ережелерді орындауға мәжбүр.

Талғат ҚАЙКЕНОВ, РУДНЫЙ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

Бөлімшілерге қанша ақша бөлінсе, сонша соммаға ғана қызмет көрсетуі тиіс. Тіпті, мәйітханаға әкелгендердің 80 пайызының міндетті түрде әлеуметтік сақтандыруы болуы тиіс. Ал тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша 20 пайыз ғана қабылдауға болады.

Еш түйіні жоқ ереженің салдарынан емханалар қыруар қарызға батып жатыр. Облыстық әкімдік қазынадан 728 миллион теңге көмек ретінде бөлген. Бірақ ол ақша берешектің жартысын өтеуге де жетпейді.

Данияр ЖАНДАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кадрлық саясатты, дәрілік препараттарды алу келісім-шарттарын оңтайландырамыз. Үнемдеуге тура келеді. Алайда медициналық қызмет көрсету тарифын өзгерпейінше қарыз қамытынан еш құтылмаймыз. Әлеуметтік сақтандыру қоры ауруханалардың медициналық көмек көрсетуіне қосымша екі миллиард теңге бөлді.

Әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері өз уәжін айтады. Олардың ойынша, жергілікті аурухана басшылары менеджментті жетік меңгермеген. Түйткіл содан туындаса керек. Қалай дегенде де, өңірдегі денсаулық саласының берекесі кетіп, құты қашып тұр.