Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

60 миллион доллар: Дженнифер Лопес пен Бен Аффлек несиеге үй сатып алды

AstanaTV
12.10.2023ж. 09:46
602
60 миллион доллар: Дженнифер Лопес пен Бен Аффлек несиеге үй сатып алды

Дженнифер Лопес пен Бен Аффлек несиеге үй сатып алды. Беверли-Хиллздан тапқан 60 миллион долларлық баспананы Голливуд жұлдыздары бірнеше жыл бойы іздеген. Арманындағы үйге қол жеткізу үшін ерлі-зайыптылар 20 миллион долларға несие рәсімдеуді ұйғарған, деп хабарлайды Kazinform The U.S. Sun басылымына сілтеме жасап.

Зәулім сарайда 12 жатын бөлме, 24 жуынатын бөлме, сонымен қатар жеке жабық спорт кешені мен 92 көлікке арналған автотұрақ бар. Үй олардың бизнес-менеджерлері Гэри Кресс және Брайан Мерфимен байланысы бар сенімгерлік қор арқылы алынды.

Бұған дейін жұбайлар қолма-қол ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Бірақ олар қаржылық мүмкіндіктерін қайта қарауды шешкен көрінеді. 31 тамызда қол қойылған келісімшарт бойынша Дженнифер Лопес пен Бен Аффлек JPMorgan Chase Bank-тен 30 жылға несие алған.

Алғашқы 6 жылда пайыздық мөлшерлеме 5,5% болады да, кейін өседі. Негізгі сома мен пайызды төлеуді олар 2033 жылдың қарашасында бастайды.

Америкалық сарапшылардың пікірінше, жұбайлар қарызға батып жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде, бұл – олар үшін өте тиімді нұсқа.

«Салық жеңілдігін алу үшін бай адамдар арасында мұндай тәсіл жиі қолданылады. Олардың активтерін қарастырып, кез келген қадам алдында тиімді жолды таңдап беретін қаржы кеңесшілері бар екені белгілі немесе өздері шешім қабылдауы да әбден мүмкін», - деп атап өтті Лос-Анджелестегі риэлтор Тони Мариотти.