Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Астанада “Digital Bridge - 2023” форумы өтіп жатыр

12.10.2023ж. 20:00
910
Астанада “Digital Bridge - 2023” форумы өтіп жатыр

Жасанды интеллект адам өміріне қауіп төндіру мүмкін. Технологиялардың қарыштап дамуы, әрине жақсы. Бірақ оның арты неге әкеп соғары белгісіз. Тіпті ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Қысқасы, жасанды интеллект адамзатты не қырға шығарады, не құрдымға ұшыратады, - дейді мамандар. Сондықтан Мемлекет басшысы Digital Bridge форумында осы мәселеге саналы түрде қарап, оның дамуын жіті назарда ұстау керегін айтты. Әрі қарай әріптесім жалғастырады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Биыл бұл форумға 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Соңғы бес жылда бұл форум Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналды.

Қазір жасанды интеллект фантастика емес, ақиқатқа айналды. Кезінде электр жарығы мен интернет тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, бұл саланың да ықпалы дәл солай.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды.Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті.

Жасанды интеллект дамыса жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы мүмкін. Осыны естігеннен кейін салаға қарсылық танытқандардың қатары көбейді. Бірақ Президент бұл керісінше, жаңа кәсіби дағдыларға сұранысты арттырады - дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын.

Бұл тақырып тек Қазақстанды емес, өзге мемлекеттерді де алаңдатады. 120-дан астам ел мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік.

Өзге мемлекеттер үлкен жетістіктерге IT саласы арқылы жетіп отыр. Сондай елдермен тереземізді теңестіру үшін білікті мамандар даярлау -маңызды. Президент биылғы Жолдауында үш жоғары оқу орнында қажетті кадр даярлауды тапсырды. Мұны мектеп оқушылары қолдайды. Мәселен Нұрсұлтан Жанзақов қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Жақында ғана Сингапурде өткен робототехника байқауында 191 қатысушының арасынан топ жарып, бірінінші орынды иеленді.

Нұрсұлтан ЖАНЗАҚОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ НЗМ ОҚУШЫСЫ:

Түрлі елдің өкілдерін көріп қайттық. Солармен қарым-қатынаста болдық. Ол жерде топтық жарыс. Демек бірнеше команда бірнеше командамен бірге басқа командаға қарсы шығады. Соңында барлық командалар бірігіп бір мәселені шешеді десек те болады.

Қазір елімізде осы саланы оқытатын мұғалім жетіспейді. Жаһандық бәсекеге ілесу үшін бұл мәселені шешу керек. Бұл - заман талабы.

Бекзат ІҢКӘРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ НЗМ «ТЕХНОТОРИЯ» ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қазіргі біздің командада 2 робот жинайтын бала бар. Біреуі програма істейді жақсы, үшіншісі роботодрайт етеді. Төртінші қыз 3Д модель күшті сызады. Бір жыл ғана қатысып жүргеніне. Бір жылда роботтың 3Д моделін жинап шықты.

Енді Қазақстан ауқымды өзгерістерге дайын болуы керек. Жасанды интеллектің көмегімен мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салалары түрленеді. Мемлекеттік қызмет саласында да пайдаланылады. Енді оны нормативтік тұрғыда реттеу ұсынылып отыр.