Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ауғанстанда бір сағатта екі жер сілкінісі болды

AstanaTV
13.10.2023ж. 13:19
1129
Ауғанстанда бір сағатта екі жер сілкінісі болды

Бүгін, 13 қазанда Ауғанстанда бір сағаттың ішінде 5 және 4,9 балдық тағы екі жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды "Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы" ЖШС ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ТЖМ "Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы" ЖШС мәліметі бойынша бүгін Алматы уақыты бойынша 06:03-те (13 қазан 00:03 GMT) 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 1041 шақырым жерде Ауғанстан аумағында орналасқан. Екінші жер сілкінісі Алматы уақытымен 07:09-да (GMT 01:09) тіркелді.

Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 1052 шақырым жерде Ауғанстан аумағында орналасқан. Магнитудасы - 4,9. Еске сала кетсек, 7 қазан күні Ауғанстанның батысында Иранмен шекарада магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі тіркелді.

Табиғи апат салдарынан кем дегенде 120 адам қаза тапқан, алайда құрбандар саны артуы мүмкін екені хабарланған болатын. Жер сілкінісінің ошағы Герат қаласының батысында 40 км жерде болған. Жер асты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де басталған. Кейін Ауғанстан Табиғи апаттар бойынша министрлігінің өкілі Мулла Джанан Саик жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тапқанын хабарлады. Жер асты дүмпулерінен тағы 9240 адам зардап шекті.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға құтқарушылар мен гуманитарлық көмек жіберуді тапсырған еді. Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатырлар, дәрі-дәрмектер, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады. 11 қазанда Қазақстан Ауғанстанға салмағы 1659 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жөнелтті. Дәрі-дәрмектер мен шатырлар Ұлттық гвардия ұшағымен жіберілді. 11 қазанда Герат тауынан оңтүстік-батысқа қарай Ауғанстан аумағында тағы екі жер сілкінісі тіркелген болатын.