Спорт Қазақстан
$440.9 €475.95 ₽4.82
×

Ақсуда танысын өлтірген әйел 12 жылға сотталды

AstanaTV
13.10.2023ж. 14:24
604
Ақсуда танысын өлтірген әйел 12 жылға сотталды

Ақсуда танысын өлтірген әйел сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қайғылы оқиға 28 мамыр күні Ақсу қаласында болған.

«Ішімдік ішіп, мас болған екеудің арасында жанжал орын алады. Сотталушы жәбірленушінің кеуде тұсына пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол сол жерде қайтыс болды», - делінген хабарламада.

11 қазанда Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіру, яғни басқа адамды қасақана қазаға ұшырату (ҚР ҚК 99-б. 1-б.) фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Прокурор соттан айыпталушыға 12 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Жәбірленуші мемлекеттік айыптаушымен толық келісіп, өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіні өлтіру ниеті болмағанын айтып, әрекетін ҚК-тің онша ауыр емес бабына қайта саралап, қатаң жаза қолданбауды сұрады.

Сотталушының кінәсі өзінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.

«Тікелей өлтіру ниеті өмірлік маңызды мүшеге пышақпен қасақана күш қолдану арқылы дәлелденеді. Қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Ол үшін заң бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сот кінәсін ішінара мойындауды, сондай-ақ өтелмеген соттылығының болуын және масаң күйде қылмыс жасағанын ескере отырып, оны 12 жылға бас бостандығынан айырды», - делінген баспасөз хабарламада.

Сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтейтін болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.