$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Итбалықтар мен бекіренің қырылу себебі зерттеліп жатыр – Нысанбаев

AstanaTV
16.10.2023ж. 14:43
822
Итбалықтар мен бекіренің қырылу себебі зерттеліп жатыр – Нысанбаев

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің батысында итбалық пен бекіренің қырылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бүгінде өлген 59 итбалық пен 67 бекіре балығы табылды. Дауылдан кейін оларды жағаға шығарып тастаған. Өлекселерге қарағанда олар әртүрлі уақытта өлген. Сол себепті бүгінде ол жақта құрамында ғылыми-зерттеу институттары, Итбалықтарды зерттеу және сауықтыру орталығы, жергілік мемлекеттік органдар өкілдері бар жұмыс тобы айналысып жатыр. Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері жағдайды зерделеуде. Судан, ауадан, топырақтан қажетті сынамалар алынды», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ерлан Нысанбаевтың атап өтуінше, жануарларлар мен балықтардың қырылуына мұнай қалдықтарының төгілуі әсер етпеген.

«Өткен жылы да итбалықтардың қырылуы тіркелген еді. Ол кездегі себебі – өткір пневмония. Сондықтан да қазіргі уақытта түрлі аурулар мен өзге де себептерді қарастырып отырмыз», – деді ведомство басшысы.

Еске салайық, кеше Каспий жағалауынан қырылған итбалық пен бекіре балығының өлекселері табылған болатын. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті сағат шашамен 10.40 кезінде Түпқараған ауданы Баутино ауылының маңынан 25 өлі итбалық ұшасы мен 33 бекіре тұқымдас балық анықталғанын мәлім еткен еді.