Қарағандыда діни қозғалыс өкілдері жол апатынан зардап шегіп, шұғыл ота жасауды қажет ететін туысына қан құюға рұқсат бермей жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Бұл туралы patriotkaragandy Instagram парақшасында жазылды.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың қос омыртқасы сынған, жағдайы ауыр.
Жол апаты Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Үштөбе ауылының маңында болған.
«Оған операция керек. Бірақ туыстары қан құюдан бас тартады. Бұл маңызды процедура, оны жасау керек», - дейді мамандар.
Белгілі болғандай, науқастың туыстары Иегова діни ағымының өкілдері болып шыққан. Олардың қызға қан құйдыртпауына діни ұстанымдары себеп болып отыр.
«Иә, дін - біздің бас тартуымыздың басты себебі. Біз Құдайға мойынсұнғымыз келеді. Мысалы, қазақтар шошқа етін жемейді. Ал біз қан құю жасаматпаймыз! Әлемде тіпті жүрек трансплантациясы қан құюсыз жасалады. Бүкіл Еуропа, бүкіл Америка қан құюсыз операция жасауға тырысады. Тәуекелдер бар! Дәрігерлердің ешқайсысы біздің туысқанымызға қан құю кезінде ештеңе жұқтырмайтынына 100 пайыз кепілдік бермейді», - дейді ер адам.
Оның айтуынша, қазір гемоглобин деңгейі қажетті көрсеткіштерге көтеріле бастаған.
«Үш күн ішінде гемоглобин 15 бірліктен асты және қан құюсыз көтерілді. Неліктен қан құю керек? Гемоглобинді көтеретін дәрілер бар. Бағасы-38 000 теңге. Біз сатып алуға дайынбыз. Бірақ дәрігерлер қарсы», - дейді туысы.