Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

«Диван батырлар»...

AstanaTV
19.11.2016ж. 20:00
3422
 «Диван батырлар»...

«Саясат, жер мәселесі, тіл мәселесінде үйде отырып алып, бет қаратпай өршеленеді екенсіңдер ғой. Бастық бола қалсам, еңбектеріңді елеп,сендерге «Диван батыр» деген атақ беремін». Саламат Омаш жүргізетін «Дөп сөз» айдарының кейіпкері, Жетісайда тұратын Мұхит Тастан есімді азамат.

Қар қалың болып, «белі» шыдамады ма, әйтеуір ЭКСПО алаңында ғимарат құлады. Дүрліктірмеңдер дегенмен ешкім халықтың аузына қақпақ бола алмайды. Біздің жазғыштар да бұл тақырыптан айналып өткен жоқ.

Миллиардтап ақша бөліп құлайтын көпір, құлайтын үйлер салдырып жатыр. Көпір көрсем айналып жүретін болдым. Жел тұрса шатыры ұшып басыма түсіп кете ме деп, үйдің қасынан өтуден қорқатын болдым. Мыналардың құрылысынан біздің ауылдың малқорасы мықты. Құламайды да, шығыны да аз. Сол ақшаның бір пайызын біздің ауылдағы Бүжәй Алмасқа берсе, перғауын салдыра алмаған пирамида салып берер еді. Ауыл жақсы ғой.

Авторы - Мұхит Тастан. Жетісай өңірінің тумасы. Нені қалай салу керектігін жақсы біледі. Себебі Мұхит қарапайым құрылысшы. Десе де, оның туындылары кейбір, тырнақшаның ішіндегі «дем ала алмай жүрген» ақын-жазушылардың жазғанынан асып түседі. Идеясы да, жазу мәнері де.

Менің қошқарым бар еді. Сүзеген қылып үйреткенмін. Үйге қонақ келсе екі құлағын едірейтіп алып, оқыстан келіп сүзетін. Омақасып жатқан қонақ «ойбай, мынауыңды ұста» деп шыңғыратын. Ұстап алып қамап қоятынмын қонақ кеткенше. «ЭКСПО-2017» кезінде осындай қошқарлардың көзін уақытша құртайын деп тұр ғой.

Біз ЭКСПО келсе құт келетіндей қуанамыз. Әлемнің әр түкпірінен қонақтар келеді. Көп келеді дейді. Келетіндер қазақтың қонақжай екенін сырттай естіп алған болуы да мүмкін. Біз шашылғанды жақсы көреміз ғой. Бірақ, талқалдырамыз деген ғимаратымыздың өзі құлап жатыр. Басқалары не болмақ? Мұхит Тастан шетелден келген қонақтарды былай таңғалдыру керек дейді.

«ЭКСПО-2017» жақындап қалды. Естуімше бәрі бір-біріне көрмеген заттарын көрсетіп, таң қалдырмақшы. Оларға шығынданып не керегі бар деймін. Таңертең Астанадағы жер үйлерге апару керек. Бір квартирадан құмырсқаның илеуіндей 40 адам шықса, шетелдіктер таңғалмай қайтсін? Сосын Алматыға барып, кешке автобусқа отырғызу керек.  Аузы-мұрнынан шығып, бір аяқпен тұрған адамдары бар, ішінде 2-3 адам домалап жатқан автобус келіп тоқтайды. Мына автобуста адам аздау екен мінейік деу керек. Келіспесе,  «Ой, ол адамдар әлі бір-бірінің мойнына мінген жоқ қой» деп, кондуктордан сұрайық. Ол желкесінен ұстап адамдардың арасына тығып жіберіп есікті жабады да, «жылжыңдар, жылжыңдар, артқы жағы бос қой» деп айқайлайды. Таң қалмағанын көрейін олардың.

 «Азатын елді ұрысы билейді. Озатын елді дұрысы билейді» дейді халық. Көп адамдар ұсталып жатыр. Озық 30 елдің қатарына кіреміз деді емес пе? Дұрыс басшылар керек бізге. Халық та қоғамдық өмірге ат салысып, айту керек, жазу керек.

Саясат, жер мәселесі, тіл мәселесінде үйде отырып алып, бет қаратпай өршеленеді екенсіңдер ғой. Бастық бола қалсам еңбектеріңді елеп, сендерге «Диван батыр» деген атақ берер едім.

Құрметті «диван батырлар», сіздер өз мұң-мұқтаждарыңызды Мұхитқа айтсаңыздар болады. Мұхит естісе, билік те құлағдар болады. Ол қалай дейсіз бе? Ендеше, қараңыз.

Уа, халайық! Елім, жұртым! Арыз шағымдарың болса маған айтыңдар. Мен билікке жеткізбесем де әйелімнің құлағына жеткіземін. Ол көршілерге айтады. Көршілердің біреуі  базарға барғанда сатушыларға жайып салады. Сатушылар базарға шалбар алуға барған Майрошқа айтады. Майрош майын тамызып фейсбуктағы достарына жеткізсе. Оны Жасқан естіп, шенеунік құрдасына айтса. Ол бастығына жеткізеді. Бастығы үлкен жиындарда жоғарыдағыларға айтып кетеді.  Осылай билік естиді ауылдың жағдайын. 

Міне, халықтың мұңын билікке жеткізудің ең оңай жолы. Топталып хат жазудың да қажеті жоқ. Айғайлап, тамақ жыртудың да керегі шамалы. «Өл деген өкімет жоқ» деуші еді, бір танысым. 

Бір телеарнадан жемқорлықпен қалай күресеміз деп, министрлер бас қатырып жатыр. Әлеуметтік желіде де жемқорлықты жою керек, күресу керек дейді. Туыстарыма барсам да жемқорларды сүйту керек, бүйту керек деп жатады. Кімді көрсең де, әйтеуір ақша алғыштарды жақтырмайды. Сонда кім жемқор? Ел болып күресіп жүрген жегіштер қайда сонда?  Әлде, көрінбейтін костюм киіп алған ба? Мүмкін, Африкадан қара нәсілділер түнде келіп, жеп-жеп, қашып кете ме?Түсініксіз.

Теледидардың пульті қолынан түспейтіндер «газет оқи ма?» деген сұрақ ойлантады, мені. Мысалы, сіз соңғы рет қашан газет бетін аштыңыз? Ал, ауылда «оқиды». Оқығысы келмесе де, «оқытады». 

Біздің аудандық газет рекордтық бағаға сатылуда. Бір данасын 600 теңгеден зейнеткерлерге, мұғалімдерге мәжбүрлі түрде алдырып жатыр. Біздің елде мектеп, балабақша, қазпошта және барлық мемлекеттік мекемелер бизнес орталығына айналып барады. Соңғы тиынға дейін қағып алады. Бұлай кете берсе, «жалаңаш оқымысты» атанатын түріміз бар.

Иә, ана тілің алпыс тілге татиды. «Қазақ қиямет қайымға дейін өмір сүреді» деп еді Алаш көсемі Әлихан. Қазақ барда тіл әлі-ақ сұранысқа ие болары анық. Құрметті көрермен, біз Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әр салада жүрсе де қолына қалам алып, жазып жүргендерді халыққа таныстырып келеміз. Адамның өзі жетпеген жерге сөзі жетеді. Сіз де жазыңыз, хабарласыңыз. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!