Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қазақстандықтар күзден бастап үйден тамақ ішуде азайтты

16.10.2023ж. 20:00
553
Қазақстандықтар күзден бастап үйден тамақ ішуде азайтты

"Түзден тамақтанып, қарын тойдырдық". Мейрамханаға барып, мәзірден тәбеті тартқан тағамды таңдап ішетіндер осылай мақтанып жүр. Тіпті өткен айда отандастарымыз 100 миллиард теңгесін қоғамдық тамақтану орындарына жұмсаған. Оттан қазанды түсірмеуші едік. Әйелдер үйде ас әзірлеуді қиынсынып бара ма, әлде отағасына еріп, бөрінің азығы жолда деп жүр ма? Сүндет Оралбек тамақтану орындарын аралап көрді.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Түсте тойып тамақтанып, кешке бір қойдың етін жеп қоятын тәбетіміз бар. Әдетімізді әлі қойған емеспіз. «Ет дегенде бет барма ма?» деп жүрміз. Мейрамхана мәзірінде де керектінің бәрі бар. Ақысын төлеп, асқазанға сәлем жолдайсыз. Үйден емес түзден тамақтануға бейімделіп алдық. Жан басына шаққанда отандастарымыз күніне 2100 теңге жұмсайды.

Қалтаны қағады. Көпшілік оны біледі. Біле тұра бас тартар емес. Түскі асқа түсіністікпен қарайсың. Жұмыста болады, әріптестерімен ауқаттанады. Кешкілік отбасымен үйде емес, сыртта тамақтанады. Ас әзірлеу, орнын жинау секілді артық жұмысқа бас қатырғысы келмейтіндер көбейгендей.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Уақытыңды үнемдейді. Үйдің тамағына қарағанда таңдау көп. Кей кездері дүкеннен азық-түлік алып, тамақ дайындағанша сырттан тамақтанған арзан болады.
- Анаңның тамағына жетпейді ғой.
- Менің ата-анам жұмыста. Олардың супермаркеттерге баратын уақыты жоқ. Сол кезде ресторан, кафелерге барамыз, ыңғайлы.
- Жиі мейрамханаларға барамыз. Өте тиімді. Бәрібір сол қаржыны жұмсайсың.

Мереке, демалыс күндерді былай қойғанда апта ішінде мейрамханалардан бос орын таппайсың. Жұрттың бәрі үйде отырмай ма деген ойда қаласың.

Рима МҰХАМБЕТОВА, КӘСІПКЕР

 Қыркүйектен кейін тұтынушылар көбей бастады. Оған дейін балаларын сабаққа дайындады. Түсінуге болады. Бірақ келушілер көп қаржы жұмсайды деп айта алмаймын. Көпшілігі мәзірдегі арзан тағамдарды таңдауға тырысады.

Қазақстандықтардың қыркүйек айында қоғамдық тамақтану орындарына 100 миллиард теңге қаржы жұмсады. Қомақты қаржы. Бірақ жан басына шаққанда 2 мың теңге шамасында. Сондықтан рестораторлар пайдаға кенеліп отырған жоқпыз дейді.

Гүлнар КАТИБАЕВА, РЕСТОРАТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өзіңіз ойлап көріңізші, бұл статистика рас болса рестораторлар елдегі ең бай адам болуы керек. Бірақ, олай емес. Елдегі қымбатшылықты ұмытпаған жөн. Қазір адамдардың ойы бұрынғыдай емес. Мейрамханаға барып, 30-35 мың теңге төлегенше сол ақшаға үйіне азық-түлік сатып алуды құп көреді.

Тамақтану орындарына жұмсалған қаржының көбеюі бағаның қымбаттауына байланысты болуы мүмкін. Былтырдан бері мейрамханадағы ас-ауқат Жетісу облысында 44, Шымкентте 40, ал Елордада 38 пайызға өскен.