$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Қазақстан Президенті Қытайды жақсы біледі", - БАҚ

17.10.2023ж. 20:00
759
"Қазақстан Президенті Қытайды жақсы біледі", - БАҚ

"Қазақстан Президенті Қытайды жақсы біледі". Көрші елдің БАҚ өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы жарыса жазуда. Оған негіз де бар. Аспан асты елінің Төрағасы Си Цзиньпин бірінші Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады. Мұның өзі екі ел қарым-қатынасының мығым екенін көрсетеді. Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Алпауыт компания басшыларымен кездесіп, бірқатар келісімдерге келді. Толығырақ Сүндет Оралбек тарқатады.

Бұл - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылы Қытайға жасаған екінші сапары. Президент «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының 3-ші форумына қатысу үшін арнайы барды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз. Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстарды барынша нығаюына тың серпін берді.

Аспан асты елімен байланыс арта түсті. 21 миллиард долларға инвестиция тартылып, 52 бірлескен жоба жүзеге асты. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 31 миллиард долларды құраған. Теміржол торабы арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Президенті Си Цзипинді келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанға жасаған сапарында «Бір белдеу, бір жол» жобасын көтерген еді. Әлемдегі ең ірі экономикалық бағдарламаны 150-ден астам ел, 30-дан астам ұйым Қытаймен бірлесіп іске асыруға қол қойған. Серіктес елдердің жалпы сауда айналымы 19,1 трлн долларға жетті. Сол мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар.

Си ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық.

Әбу-Насыр Әль-Фарабидің әлем өркениетіне қосқан үлесі зор. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да салалардың дамуына үлкен еңбек сіңірді. Осыдан 40 жыл бұрын Президент білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағына ұлы ойшылдың бюсті қойылды. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу салтанаттына қатысты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол философиялық туындыларында әділдік идеясына ерекше назар аударды. Қайырымды қоғам және үйлесімді мемлекет құру мәселесіне баса мән берді. Адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеді. Ғалым музыка және каллиграфия өнерін зерделеді. Оның шығармалары – әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына қосылған құнды қазына. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндерінің жаһандық тізіміне енгізілді.

Мемлекет басшысы өзіне дәріс берген ұстазымен кездесті, пікірлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Шициньге алғыс айтып, оған зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Ұстазы университетте оқыған кезіндегі өзінің архив құжаттарын көрсетті. Мұнан соң Президент Қытайда білім алып жүрген қазақ жастарымен жолықты.

Сапар аясында Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдады. Олар елімізбен бірлесіп мұнай-газ химиясы және энергетика саласында құны 7,7 млрд доллар болатын бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Компания басшылығы 2024 жылдың екінші жартысында зауыттың құрылысын бастауға ниеттеніп отыр. Сонымен қатар, Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салмақ.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

1миллион 250 мың тонна полиэтилен шығаратын зауыт болады Атырау облысында. Жұмыстың нәтижесінде ҚазМұнайГаз 40 пайыз, SINOPEC 30 пайыз, Ресейлік Сибур 30 пайыз ұстайтын болады. Қазіргі таңда тиісті жобалар басталды. Ең озық техникалар мен лицензиялар тартылып отыр.

Қытайдың ірі логистикалық операторлары біздің нарыққа кірмек. YTO Express Group компаниясы Орта Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отыр. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяон Президенттің қабылдауында айтты. Бұл жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге аспақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді, CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы Cунь Юнцайды қабылдады.

Президенттің аспан асты еліне сапары аясында инвестициялық, сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, білім, медицина, электронды коммерция, кредит желісін ашу және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мақсатында жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық келісімшартқа қол қойылды.