Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

"30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз" – депутат

AstanaTV
18.10.2023ж. 11:59
785
"30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз" – депутат

Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқанын мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері көрсетеді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі. Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр. Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес», - деді депутат.

Ол әлеуметтік жағдайды қалпына келтіруді зейнетақы жүйесін қайта жаңғыртудан бастауды ұсынды.

«Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп арттыруды тапсырып келеді. Биыл ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілсе, келесі жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылды. Ал, осы ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітіледі. Сондықтан да, зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептеймін», - деді депутат.

Сонымен қатар, негізгі Заң жобасы аясында салықтық әкімшілендіруге қатысты қолданыстағы Салық кодексінің кейбір нормалары нақтыланды.

Оның ішінде, жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау науқанының алғашқы екі кезеңінің өту нәтижелерін ескере отырып, алдағы декларациялау үрдісіне біраз жеңілдіктер енгізетін нормалар қарастырылған.