$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО Базартөбе мектебінің күрделі жөндеуі әлі бітер емес

18.10.2023ж. 20:00
912
БҚО Базартөбе мектебінің күрделі жөндеуі әлі бітер емес

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылының балалары екі жылдан бері мектепсіз отыр. Қазір олар жатын бөлмесі оқу класына бейімделген шағын интернатта оқып жүр. Күрделі жөндеуге жабылған ауыл мектебі жоспар бойынша былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ екі жылға созылған жұмыс әлі аяқталмаған. Осылайша екі жүзге жуық оқушы мектеп жанындағы шағын интернаттың сегіз класында екі ауысыммен оқуға мәжбүр. Өйткені әбден ескірген интернат ғимараты 60 балаға ғана лайықталған.

Мәрия ҚАЙРАНБЕКОВА, БАЗАРТӨБЕ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мердігердің жұмыс жасап жатқаны, бүгінгі таңға дейін әлі күнге дейін созып жатқаны ұнамайды. Біресе материалы болмайды, материалы келсе жұмысшылары кідіріп жатады. Ата-аналар да аңсайды, балаларымыз да айтып қояды ана мектебіміз қашан бітеді деп. Сол жарқыраған заманауи үлгідегі мектепте әрине бәріміз оқығымыз келеді.

Ал мердігер жұмыстың кешеуілдеуін қаржыландырумен байланыстырады. Айтуынша, қазір ғимараттың есік-терезесі, едені мен төбесі түгел жаңартылып, жөндеу 85-90% аяқталған. Білім ошағының қазіргі жағдайымен "AMANAT" партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау департаментінен келген жұмыс тобы да танысып, бірқатар ескертпесін жеткізді. Енді бұл істі партия өз бақылауына алмақ. Бүгінде облыста 12 мектеп апатты жағдайда, тағы 9 білім ордасы үш ауысыммен жұмыс істейді.

Бейбарыс МАНАШ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Мектепті былтырғы декабрьге дейін деп берілген. Бірақ алайда оның, бұл мектептің қаражаты екі жылға бөлінген. Договорымыз осы жылдың аяғына дейін. Құдай қаласа, қараша айының 15-теріне қарай мектепті тапсыруға әрекет жасап отырмыз. Қазір 100 пайыз күш-жігеріміздің бәрін осы нысанға салдық.