Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Илон Масктың X әлеуметтік желісіне жазылу екі елде ақылы болды

AstanaTV
19.10.2023ж. 07:13
675
Илон Масктың X әлеуметтік желісіне жазылу екі елде ақылы болды

Бұрын Twitter деп аталған X әлеуметтік желісі жаңа пайдаланушылардан негізгі функцияларға қол жеткізу үшін жылына 1 доллар төлем ала бастады. Kazinform бұл туралы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желі қызметтерін пайдаланғаны үшін төлем әзірге сынақ мерзім аясында Жаңа Зеландия мен Филиппинде ғана енгізілген.

Ақылы мүмкіндіктерге Х-те жазу, ретвит жасау, яғни біреудің немесе өзінің твитін қайта жариялау, лүпіл басу және хабарламаларға жауап беру кіреді. Абоненттік төлемнен бас тартқандар тек жарияланымдарды оқи алады, бейнелерді көре алады және аккаунттарға жазыла алады.

Платформаның мәлімдеуінше, бұл төлем әлеуметтік желіде спам мен бұрмалауды азайту, сондай-ақ бот белсенділігін азайту үшін енгізілген.

X иесі Илон Маск негізгі мүмкіндіктері жоқ тек оқуға арналған тіркелгілерді әлі де тегін жасауға болатынын айтқанымен, Жаңа Зеландия мен Филиппиндегі жаңа пайдаланушылар да телефон нөмірін растауы тиіс.

Өткен айда X, Tesla және SpaceX басшысы X-тің барлық пайдаланушылары енді желіге кіру үшін ақы төлеуі мүмкін екенін айтты.

Масктың пікірінше, жаңа пайдаланушылардан ақы алу туралы шешім жарнамадан түсетін табысқа балама болуы мүмкін. Ол X «барлық нәрсеге», соның ішінде төлем қызметтеріне арналған қосымшаға айналады деп сендіреді. Маск Twitter әлеуметтік желісін сатып алғаннан кейін оның жарнамадан түскен табысы 60%-ға төмендеді.