Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Мейірім Нұрсұлтановтың келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды

AstanaTV
19.10.2023ж. 22:38
797
Мейірім Нұрсұлтановтың келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды

Жақында ғана WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы 2023 жылдың ең үздік боксшысы атанған Мейірім Нұрсұлтанов (19-0, 11К) келесі жекпе-жегін 17 қарашада өткізетін болды. Алайда боксшының қарсыласы әзірге белгісіз, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Отандасымыз WBC конвенциясы аясында Ташкент қаласында "Хума Аренада" болатын бокс кешінде жұдырықтасады. Мейірімнің келесі кездесуі орта салмақта WBC Middleweight Elimination деңгейінде, яғни кездесудің жеңімпазы WBC чемпионына міндетті қарсылас болады. Жекпе-жек 12 раундқа жоспарлануда.

"Adal Promotions" компаниясы Нұрсұлтановтың қарсыласына қатысты пікір білдірді.

"Боксшымыздың қарсыласы әлемдік рейтингтерде жоғары сатыда тұрған боксшы. Оны біз жуырда хабарлаймыз. Сондықтан да парақшамызға жазылып, барлық ресми ақпаратты осы жерден бақылап отырыңыздар", - деп жазды "Adal Promotions" компаниясы.

Қазақ боксшысы қазіргі уақытта алдағы жекпе-жекке дайындық үстінде. Оның оқу-жаттығу жиындары Ақтау қаласында өтіп жатыр. Мейірім Нұрсұлтановтың соңғы кездесуі сәуірде болды. Ол Оңтүстік Кореяда өткен жекпе-жекте жапониялық Кадзуто Такесаконы (15-0-1, 14 КО) нокаутпен жеңді.