$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мәжіліс төрағасы Қазақстанда несие беру талаптарын қатайтуды ұсынып отыр

AstanaTV
20.10.2023ж. 12:56
953
Мәжіліс төрағасы Қазақстанда несие беру талаптарын қатайтуды ұсынып отыр

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов парламент тыңдауында Қазақстанда несие беруге қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде қатайту қажет екенін айтты.

Ерлан Қошанов қазақстандықтардың неге қарызы көп екенін айтты.

"Бұл жағдайдың себебі неде? Менің ойымша, қаржылық ұйымдар да белгілі бір роль атқарады. Сонымен қатар қаржы институттарының еліктіретін жарнамалары бар. Несие алу процедурасының жеңілдігі мен қолжетімділігі. Ойланып көріңізші, бүгінде тіпті 14-16 жастағы жасөспірімдер онлайн несие ала алады. Ол үшін тек смартфон мен интернет керек. Бұл жаста қаржылай жауапкершілікті көтеруге бола ма? Нәтижесінде бұл несиелерді кейін олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді", - деді төраға.

Оның айтуынша, адамдар несиені ойланбастан ала бастаған. Кейде мүлдем қажет емес нәрселер үшін де алады.

"Екі немесе одан да көп несие алу үйреншікті әдетке айналды. Содан адамдар әйтеуір бұл құлдықтан құтылу үшін, бұрынғысын жабу үшін банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Осындай мысалдар көп. Осы орайда сұрақ туындайды. Алдыңғылары әлі жабылмағанын біле тұра банктер мұндай несиелерді қалай береді? Оның үстіне тәжірибе көрсеткендей, адамдар банктің келісімшарттарына үңілмейді. Осы келеңсіз әрекеттердің барлығы кейін ажырасу, маскүнемдік, суицид, құмар ойындар сияқты проблемаға үлесе береді", - деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов несие берудің талаптарын заңнамалық деңгейде қатайтуды ұсынды.

"Несиені төлей алмайтын азаматтарға несие беруді тыйым салу керек. Онлайн-несие беруді қатаңдату керек. Несие берудің шарттарын қайта қарау керек. Жеке тұлғаларға берілетін несиелердің шекті пайыз мөлшерлемесін төмендету маңызды. Коллекторлық ұйымдардың бұл несиелерді сатуына толық тыйым салуды енгізу керек. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеу керек. Сондықтан бүгін біз халықтың қарыз жүктемесін азайту шараларын жан-жақты талқылап, нақты шешімдер қабылдауымыз керек", - деп түйіндеді сөзін мәжіліс спикері.

Оның сөзінше, қазір халықтың 84%-ында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар. Кейінгі бір жарым жылда бұл көрсеткіш 27% өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.

19 cәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев бағаның өсуі жағдайында адамдар қазіргі шығынын жабу үшін тұтынушылық несиелерді жиі ала бастағанын айтты.