$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда таксист Оңтүстік Корея азаматынан 40 мың теңге мөлшерінде жолақы сұраған

AstanaTV
21.10.2023ж. 11:06
959
Алматыда таксист Оңтүстік Корея азаматынан 40 мың теңге мөлшерінде жолақы сұраған

Алматылық такси жүргізушісі Оңтүстік Кореядан келген туристен 40 мың теңге мөлшерінде жолақы сұрап, алаяқтыққа барған. Ол бірден үш бап бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды Алматы полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея азаматын алдаған жеке такси жүргізушісі ұсталды. Ол әкімшілік заңнаманың үш бабы бойынша жауапқа тартылды: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабы (Алаяқтық, тұтынушының мүлкін жымқыру); 449-бабы (Қоғамдық орындарда азаматтарды қорлау); 463-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік қызмет). Ведомствоның хабарлауынша, ұсталған азамат 1981 жылы туған. Ол өз кінәсін түсініп, оңай жолмен ақша табу жолында алаяқтыққа барғанын мойындаған.

"Осы айдың 17-сі мен ер адамды әуежайға апардым, қайтатын жолда Оңтүстік Корея азаматын кездестіріп, оны Атакентке жеткізіп салуға келіскен едім. Қызметім үшін 40 мың теңге сұрадым. Қазақстанның абыройын түсіргенім үшін кешірім өтінемін. Басқа елдің азаматынан кешірім өтінемін. Бұдан әрі қайталамауға уәде беремін", — деді ұсталған азамат өзінің мәлімдемесінде.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі мұндай оқиғаның жолын кесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданылатынын ескертті.