Елімізге белгілі композитор, халық арасында кеңінен танылған "Тұмарым" әнінің авторы Рамазан Елібаев ауыр дертке ұшырады. Бұл туралы әнші өзінің жеке парақшасында жазған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Композитор 15 жылдан бері мазалаған Паркинсон дерті өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтты. "Айналайын, құрметті қазақ елім! 15 жылдан астам мазалаған, мүгедек қылған Паркинсон атты дерттің соңғы дәрежесіне шалдығып, 2-топтағы мүгедекке айналдым. Аса ауыр, миды, жүйке жүйесін құртатын токсикалық дәрілерді ішуге тура келеді. Дәрілерді ішпесем сөйлей алмай, жүре алмай, тамақты жұта алмай, қақала, шашала беремін, тіпті, осыдан 2 рет өлім аузынан қалғанмын. Осыны жеңілдететін, миға арнайы құрылғы орнататын отаны туыс Түркия елінде жасайды. Арнайы консультация нәтижесінде олар маған ота жасауға дайын екендерін айтты. Алайда құны қолжетпес сома, яғни, 29000 АҚШ доллары тұрады. Бұған біздің шамамыз келмейді. Оған қоса былтыр жарым, балаларымның анасы, жан-жолдасым марқұм боп кетті. Оның алдында кішкене немерем де бақилық болған еді. Әрине, біз оны Жаратушымыздың жіберген сынағы деп біліп, көтеріп келеміз, бірақ пенде болғандықтан, өмірде қиналмай, балаларымды қинатпай, өз аяғыммен жүріп, өз-өзімді күткім келеді. "Үмітсіз шайтан" демекші, үміт үзбей сіздерден, өзімнің жанашыр, жомарт, иманы берік халқымнан көмек сұраймын. Оған айып етпеңіздер айналайын жұртым, халқым, құрметті Қазақ елім", - деп жазды сазгер.