$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО-да Ұлттық мереке қарсаңында 10 жаңа автобус желіге қосылды

AstanaTV
25.10.2023ж. 14:18
789
БҚО-да Ұлттық мереке қарсаңында 10 жаңа автобус желіге қосылды

25  –   Қазан Республика күні  қарсаңында Орал  қаласында "Батыс Қазақстан автобус паркі" кәсіпорны  "Ютонг" маркалі 10 автобуспен толықты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қалалық автопарктердің  материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып келе жатқанын атап өткен  қала әкімі соңғы  екі жыл ішінде жүзден аса автобус жаңарғанын тілге тиек етті.  

"Орал қаласында күніне 250 қоғамдық көлік желіге шығады. Алдағы үш-төрт жылдың ішінде жалпы шаһардағы барлық автобустарды жаңарту жоспарланған.  Осы бағытта облыс әкімінің тікелей қолдауымен жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы қарастырылады. Бұл мақсатқа биылғы жылдан бастап  5,2  миллиард қаражат бөлінсе, алдағы жылы да жоспарлы жұмыстар жалғасады. Сондықтан қоғамдық көліктер халықтың игілігіне жарасын  деген ниеттеміз. Тұрғындардың  жағдайын жақсарту мақсатында қала жолдарын, аялдамаларды, қоғамдық көліктерді жаңғыртып, өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді", – деді Миржан Мұнайдарұлы.  

"Батыс Қазақстан автобус паркі" ЖШС  бас директоры Диас Жәнібековтың берген мәліметіне қарағанда  кәсіпорын  Орал қаласының ең ірі және озық тасымалдаушысы саналады. Аталмыш базада 450-ден аса қызметкер еңбек етеді. 102 қалалық, 19 қалааралық автобус жолаушыларды тасымалдайды. Кәсіпорын базасында жүргізушілер мен кондукторларға жұмыс ауысымынан кейін тынығатын арнайы жатақхана  да бар. Жолаушыларға лайықталған жаңа қоғамдық көлікте автобустардың жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылады. Сондай-ақ  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, электронды табло және бейнекамералармен жасақталған.

Белгілі болғанындай Орал шаһарында  автобус жүргізушілерінің алатын айлық жалақысы орта есеппен 350-380 мың теңгені құрайды. Алайда, соған қарамастан, күні бүгінге дейін Оралда қоғамдық көлік жүргізетін тəжірибелі жүргізушілер тапшы. Соның салдарынан автобусың саны көбейгенімен, оны жүргізетін адамдар жетіспейді.