$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Құрылыс нысандарына сейсмикалық талап күшейеді

27.10.2023ж. 20:00
771
Құрылыс нысандарына сейсмикалық талап күшейеді

Елімізде 90 мыңға жуық құрылыс компаниясы бар. Бірақ олардың жартысы ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Себебі, осы уақытқа дейін құрылыс салуға рұқсат беретін лицензия оңды-солды таратылып келген. Салдарынан сапасыз және сақалды құрылыстың саны артты. Олқылықты жою мақсатында құрылыс саласына қатысты жаңа кодекс қабылданбақ.

Соңғы уақытта елімізде құрылыс компаниялары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені рас. Тендерден ауқымды жобаларды ұтып, теңгесін алғанымен тиісті міндеттерін атқармайтындары бар. Салдарынан, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың құрылысы уақытында аяқталмай, тұрғындарды сарсаңға салады. Министрлік мұны кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылыс компанияларына қадағалаудың аз болғанынан көреді.

Тимур ҚАРАҒОЙШИН, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бизнеске көмек көрсетеміз деп, құрылыс нормаларына көп жеңілдіктер жасады ғой білесіз ғой. Онымен енді көмектесеміз дегенмен ол басқаша болып шықты. Дұрыс компания, дұрыс жобалаушылар, біздің институттар мынау барып жатырған ақшалар нақты жұмыс жасайтын жобалаушыларға, жұмыс жасайтын құрылыс компанияларына бару керек.

Әлем елдерінде болып жатқан жер сілкінісі салаға селқос қарауға болмайтынын аңғартты. Жаңа кодекс құрылыс нысандарына қойылатын сисмикалық талапты да күшейтпек. Сарапшылар жаңадан салынған ғимараттардың бұл үдеден шығатынына күмәнмен қарайды.

Талант ОМАРБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖОБАЛАУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өзіңізге белгілі, құрылыс жүріп жатыр. Бірақ 10 баллды, 9 баллды деп айтады. Бірақ оның бәрі тек қана условна дейді ғой, условна белгілі. Бірақ енді құдай сақтасын, бізде ондай сисмикалық жағдай болып жатса қандай болатынын білмейміз. Сол себепті сисмиканы жоғары деңгейге көтерсін деп кодекске көтеріп отырмыз.

Жаңа кодекс құрылысшылар мен жобалаушылар жолындағы кедергіні жоюға мүмкіндік береді дейтіндер де бар. Құрылыс сапасы мен жоспарланған қаржы әсіресе өңірлерде өзекті мәселе дейді мамандар.

Руслан ИМАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Өңірлерде құрылыс материалдары мен оның жобалау құны әртүрлі есептеледі. Құрылысшылар бұл тығырықтан шығу үшін жобаны түзетуге жіберу мақсатында құрылысты салуды тоқтатады, не тәуекелге барады. Бұл олар үшін үлкен шығын. Қазір бұл заңды қабылдамасақ, біз өнеркәсіпті жоғалтамыз.

Заңнамаға енгізілетін өзгеріс әлі де жан-жақты талқыланып, жыл аяғында заң шығарушы органға қарауға ұсынылады. Түзетуді мәжіліс мақұлдай ма? Ол жағы уақыт еншісінде.