Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Павлодар облысында жерінен айырылған шаруалар шу көтерді

27.10.2023ж. 20:00
536
Павлодар облысында жерінен айырылған шаруалар шу көтерді

Павлодар облысында жерінен айырылған шаруалар шу көтерді. Айтуларынша, ұзақ жылдар бойы пайдаланып келген жерлерінен бір-ақ күнде айырылып қалған. Жергілікті шенділер бұл телімдердің заңсыз екенін айтыпты. Ал қолдарында құжаты бар шарулар бұл уәжбен келіспейді. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Шахназар Теміршотов 2009 жылы Железин ауданынан 1 мың гектар жер алған. Оны 49 жылға рәсімдепті. Алайда, арада 14 жыл өткенде жергілікті шенділер бұл аумақтың заңсыз екенін айтып, жерді алып қойған. Ал шаруа жерді игеру үшін ірі инвестициялық жоба жасапты.

Шахназар ТЕМІРШОТОВ, ШАРУА:
Енді ол жобаны жүзеге асыра алмайтын болдық. Мен бұл жерді игеруге 6 млн. теңгеге жұмсадым. Оның үстіне ол жерді жылда пайдаланып өңдеп, отырдық.
Өңірде 40-тан астам шаруа дәл осылай игеріп отырған жерінен айырылып қалды. Ішінде 3 мың гектар жер алып, бар тапқан таянғанын жерді өңдеуге салған шаруалар бар.

Сәния ТАСБОЛАТОВА, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ӨКІЛІ:
Президент игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алуды тапсырды. Ал, біз тұрақты игеріп келе жатқан жерімізден айырылып қалдық. Осыған қарағанда біздің жерімізге әлдекімдердің қызығушылығы бар сияқты.
Ал жергілікті шенділер бұл аумақтардың заңсыз берілгенін айтады. Жер кодексіне енгізілген түзетулерде заң талаптары бұзылғаны анықталған.

Болат МЕДЕУ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Ол жер телімдері жаңа Жер кодексінің 26-бабы бойынша заңсыз берілген. Өйткені, елді-мекен аумағына енген жерлер. Оны біз сотта дәлелдедік. Ал, сот жерді қайтару туралы шешім шығарды.
Алайда, бұл шешіммен келіспеген шаруалар Жоғары сотқа шағым түсірмек. Айта кетейік, жыл басынан бері аймақта 13 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.